Ақмола облысында кәсіпкерлікке кедергі жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында кәсіпкерлікке кедергі жасалған

08.04.2021

Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салған. Мемлекеттік мекеме олардың құжаттарын қабылдамай, бірнеше мәрте түзетуге жолдаған. Облыстық прокуратура жүргізген тексеріс осыны анықтап отыр.

Мұхтар Есеновтің құрылыс компаниясы 2019 жылы Красный Яр кентінде 18 пәтерлі баспана салды. Алайда оны қолданысқа беру машақатқа айналды. Себебі облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құжаттарды қабылдамай, қайтара берген.

Мұхтар Есенов сияқты әуре-сарсаңға түскендер аз емес. Басқарма өткен жылды қоса алғанда 1200-ден астам өтінішті қайтарып жіберген. Бұл - келіп түскен құжаттардың 70 пайызы.

Ермек Елберген, тілші:
Ал кейбір жағдайда басқарма мамандары керісінше әрекет еткен. Мысалы, мына жаңа үйде талап бойынша пантус болуы тиіс. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдай жасалмаған. Дегенмен басқарма бұл баспананы қолданысқа беру құжаттарын қабылдап, бекіткен.

Іскер азаматтарды титықтатып жіберген бұл мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінде қаралды. Жиынға қатысқан мемлекеттік мекеме өкілі құжаттар талапқа сай болмағандықтан түзетуге жіберетіндігін алға тартты. Десе де нысанды қолданысқа беру құжатын 4-5 рет қайтарып жіберген деректер болған.

Валентина Геращенко,  облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы:
Барлық кемшіліктерді бірден көрсету керек. Иә, кәсіпкерлердің тарапынан олқылықтар кетеді. Мамандар құжаттарды бастан-аяқ қарап, кем-кетігін айтсын. Ал қазір әр барған сайын талапқа сай келмейтін бір тұсы анықталады. Бұл жүйелі мәселеге айналды. Сондықтан осындай әрекетке жол берген қызметкерлерді жауапқа тарту қажет деген пікірдеміз.

Кеңес отырысында басқарма басшылығы бұл олқылықтарды мамандар біліктілігінің төмендігімен байланыстырып ақталды. Кадрлар тұрақтамайды. Соңғы 1 жылда екі басшы ауысқан. Кәсіпкерлікке тұсау болған өзекті мәселе бойынша басқарма басшылығы да бізге сұхбат беруден бас тартты.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу