Адвокаттарға қатысты заң жобасы қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адвокаттарға қатысты заң жобасы қабылданды

08.04.2021

Сенат адвокаттарға қатысты заң жобасын ақыры қабылдады. Осыған дейін парламенттің қос палатасы қорғаушылардың қызметін күшейту бойынша ортақ ұйғарымға келе алмаған. Келісім комиссиясынан кейін ғана мәселе реттелді. Сонымен, адвокаттарды алаңдатқан нормалар қалай шешімін тапты? Асима Нұрбайқызы тарқатады.

Адвокаттарға ай сайын жарна төлеу міндеттеліп отыр. Бұл заң жобасына енгізілген түзету. Бірақ, қорғаушылардың өздері бұған қарсы.

Абзал Құспан, адвокат:
1 АЕК - 3000 теңгеге жетеді. Енді адвокаттардың да әртүрлі категориясы бар. Яғни, ауылдық жерде жұмыс істейтіндер бар. Ол жерде күнде іс болып жатпайды. Ондай жағы былай айтқанда жақсы емес. Ең бастысы бұлар қажетсіз шығындар. Міне Парламентте қаралып жатқан осындай жаңа заң жобасында осындай өзгерістер біздің келісімінсіз кіріп кетті.

Қорғаушылардың бұл талабы ескерілді. Бірақ бәріне емес. Тек ауыл аймақтағы адвокаттарға жеңілдік жасалды. Олар жарнаның жартысын төлеуі тиіс.

Снежана Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Адвокаттар соған қарсы болды. Өзіміз шешеміз, қанша ақша республикалық алқаға бөлуге. Енді 20 жылдан астам өтті. Олар шешкен жоқ. Заңды түрде осындай норманы енгізуге мәжбүр болдық. Бұл 1 МРП ешқайда кетпейді. Тек қана өзінің дамуына жұмсалады.

Сондай-ақ, елде 9000-ға жуық заңгер бар. Бірақ, оларды біріктіретін орган жоқ. Енді арнайы республикалық алқа құрылмақ. Оған мүше болуға ешкім міндеттелмейді. Фемида өкілдерінің өз еркі. Заң жобасындағы тап осы нормаға қатысты парламенттің қос палатасы ұзақ келісе алмады. Тіпті, жоба кері қайтарылып, созбаққа салынды. Соңында Сенат пен Мәжіліс келісім комиссиясын құрды. Үш отырыс өтті. Жоғары палата тоқ етерін бүгін айтты.

Жалпы, заң жобасына 80-нан астам түзету енгізілді. Басты мақсат- адвокаттардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, құзыретін арттыру. Бұдан былай, қорғаушылар процестік құжаттардың тізімімен толық таныса алады. Яғни, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысынан бастап адвокат пен прокурордың құқығы бірдей болуы тиіс.

Асима Нұрбайқызы 

Хабарламаларға жазылу