Ақтауда қоғамдық көліктерде тәртіп қатаңдатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қоғамдық көліктерде тәртіп қатаңдатылды

08.04.2021

Атырау облысында 200 адамға шақталған модульді аурухана науқастарға лық толды. Енді індетке шалдыққандарды қаладағы облыстық инфекциялық аурухана қабылдай бастады. Түркістан облысындағы бірнеше ауданда да стационарлар толып қалған. Аймақтардағы эпидахуал жайында тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатып айтсын.

Түркістан облысында соңғы тәулікте 25 адам індетке шалдықса, жыл басынан бері мыңға жуық адамнан ковид анықталған. Олармен қарым қатынаста болған 3 мыңға жуық тұрғын бақылауға алынып, 457 ошақ залалсыздандырылған. Жетісай, Сарыағаш, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласындағы инфекциялық бөлімшелерінде орын жоқ. Отырар мен Сайрам аудандарында да жағдай қиындай түсіп, Мақтаарал ауданынан жаңадан инфекциялық бөлімше ашылған. 22 мыңнан аса адам екпе жасатқан. Алайда өңірде вакцина салдырамын деушілер қатары көбейген соң, тапшылық туындап отыр.

Ал, Шымкентте карантин мерзімі ұзартылып, шектеу шаралары қатаңдатылды. Жаңа қаулыға сәйкес осы кезге дейін жұмыс істеп келген бильярд, ойын-сауық клубтары секілді көңіл көтеру орындарының жұмысы қайта тоқтатылды. Мекемелерге қызметкерлерінің тең жартысын онлайн режимде жұмыс істеуге көшіру ұсынылды. Сондай-ақ еске алу жиындарын өткізуге тыйым салынып, кинотеатрларға көрермен санын тағы 10 процентке азайту міндеттелді.

Ақтауда бүгіннен бастап жолаушылар автобусқа бетпердесіз кіргізілмейді. Қоғамдық көліктегі орындар санынан артық адам алуға тыйым салынды. Бұдан өзге санитарлық-дезинфекциялық шаралардың уақытылы жүргізілуі қатаң қадағаланатын болды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу