Еуропада коронавирустың үшінші толқыны өршіп тұр. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін қарт құрлық елдері вакцинацияны күшейтті. Франция үкіметі Stade de France футбол стадионынан ең ірі вакцинация орталығын ашты. Қалыпты өмірге оралуға асыққан Еуроодақ елдерінің тұрғындары екпе салдыртуға таласып, ұзын-сонар кезекке тұруда.
Екпе салдырту қарқыны бойынша Еуроодақта Сербия көш бастап тұр. Бүгінге дейін 7 млн халықтың 2 млн-нан астамы екпенің бір дозасын алған. 51 жастағы Президент Александр Вучич те Қытайдың Sinopharm препаратын салғызды. Елде америкалық, британдық, Ресей мен Қытайдың вакцинасы жеткілікті. Сондықтан, үкімет көрші мемлекеттердің тұрғындарын тегін екпе салдыртуға шақырған-ды. Осыны естісімен-ақ, Солтүстік Македония, Черногория мен Босния тұрғындары Белградқа ағылды. Бала-шаға, ата-анасын ерткен жұрт екпе алу үшін 2-3 сағат кезек күтті.
Нада Николовска, Македония азаматы:
Мен Македониядан келдім. Бізде вакцина тапшы. Дәрігерлерге, қарттарға жетпей жатыр. Мен сияқты 50-жастан асқандар тек маусым айында салдыртады. Екпені Сербиядан алуға болады деген соң тездетіп осында жеттім.
Францияның екпе орталықтарында да екі күннен бері ұзын-сонар кезек. Вакцинацияны күшейту үшін Париждегі Stade de France футбол стадионы екпе егу алаңына айналған. Тәулігіне 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейтін орталықта аптасына 10 мың адамға екпе егілмек. Қолда бар препараттар қазір 70-тен асқан қарттар мен тәуекел тобындағы адамдарға салынуда. Вакцинаны кезектен тыс салдыртқысы келген француздар мен бельгиялықтар арнайы онлайн платформаға тіркеліп, резервке алынып жатыр.
Бернадетт Хендрикс, Вакцинация орталығының дәрігері:
Індетпен күрестің жалғыз жолы-вакцинация. Соны біле тұра кей адамдар екпеге жазылған күні келмей қалады. Сондай кезде, ашылған препаратты лақтырып, ысырап қылмас үшін біз платформаға тіркелген азаматтарға хабарласып, соларға екпені кезектен тыс саламыз.
Еуропалық Одақ елдеріне алдағы үш айда 360 млн доза вакцина жеткізіледі. Тиісінше, орталықтардың жұмысы қыза түседі. Медбике, дәрігерлерге көмектесу үшін қазір ветеринарлар, өрт сөндірушілер де екпе салуды үйреніп жатыр.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Соңғы жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, қарт құрлық тұрғындарының 60 пайызы екпе еккізуге қарсы емес. Бәрі қалыпты өмірге оралып, еркін саяхаттауға ынтық. Осыны ескерген Еуроодақ елдерінің басшылары мамыр айына дейін қарттардың 80 пайызына, ал жазға дейін ересектердің 70 пайызына вакцина салып, ұжымдық иммунитет қалыптастырудан үмітті.
Нұрсұлу Қасым