Түркістан облысының Қазығұрт ауданында мал ұрлығы тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында мал ұрлығы тыйылмай тұр

07.12.2018

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жұрт мал ұрыларынан әбден зәрезап болды. Сай-сала мен жықпылды паналаған қорқаулар қорадағы малдан тұяқ қалдырмай сыпырып әкетіп жатыр. Алақандай Қызыл дала ауылынан биылдың өзінде 200-ге тарта жылқы қолды болған. Тағы жиырма шақты сиырды қарақшылар жайылымнан айдап әкеткен. Ал, полиция ұрты майланған барымташыларға әзірге ешбір қайран жасай алмай отыр.

Тоғыз балалы үйдің қыс түскелі бері пешке жылынғаны осы. Алдыңғы күні ғана әкелері қарызданып жүріп, әрең көмір түсірді. Осы күзде сауып отырған 11 биесінен айырылған жандар ішіп-жемнен де тарығып отыр. Ұрылар қысқы азық пен отын, су үшін пұл қыламын деген малынан тұяқ қалдырмады. Ізін сипап қалды.

Балқыбек Әмірсейітов, ауыл тұрғыны:

- Ит өмір өтіп жатыр. Жүген ұстап қалдым. Төрт ай болды. Бесінші айға кетті. Ешқандай хабар жоқ. Өз бетімше іздедім. Оған тағы қанша қаражатым кетті.

Ауылда 120-ға тарта түтін бар. Бүгінде жоқ іздемеген бірде-бір үй жоқ. Барымташылардың басынғаны сонша - енді малды өз аяғымен айдап кетуді қойып, мылтықпен атып алатынды шығарған.

Қабанбай Тоғызов, ауыл биі:

- Екі күн болды, жылқыларды атып, ішек-қарынын тастап кеткен. Буаз биелер еді. Енді өзіміз де қорқып отырмыз. Егер жолында кездессек, бізді де атып кетпек.

Қазығұрт ауданы ішкі істер бөліміне биыл мал ұрлығына қатысты 75 арыз түскен. Бас-аяғы 800-дей мал жоғалған. Бүгінгі таңға сол қылмыстың 52-нің беті ашылды. 2 қылмыстық топ құрықталды. Әйтсе де, Қызыл дала, Еңбекші мен Рабаттан жоғалған малдың көбінен әлі дерек болмай тұр.

Арман Ақшораев, Қазығұрт ауданы ІІБ басшысы:

- Өкінішке қарай, ол жерде 13 фактінің 6-уы ашылмай тұр. Себебі, қай күні кеткенін білмейді. Сол себепті осы 27 бас мал ұрлығына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Ызыланған жұрт осыдан үш ай бұрын ұрылардың бірін қылмыс үстінде өздері ұстап алды. Полиция кісендеп алып кеткенімен іс әлі сотқа жеткен жоқ. Ел «ұры қолында тұрса да, құқық қорғаушылар топты басқарып отырған серкелерін құрықтай алмады», деп ашынады.

Асан Досанов, ауыл тұрғыны:

- Ең болмаса бір биемізді қайтарып берсе, ырзы болар едік қой.

Сенімдеріне селкеу түскен жұрттың арасында енді ұрыны ұстасақ, құқық қорғау органдарына бермейміз деп бекінгендер бар. Тайраңдағандарды елдің ортасына салып, өздері жазаламақ. Бірақ, олай етсе, бұл әрекеті үшін өздері де айыпты болмақ.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу