ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «WizzAir» әуе компаниясының бас атқарушы директоры Джозеф Варадиді қабылдады, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.
Д. Варади ҚР Премьер-Министрінің наурыз айындағы БАӘ-ге сапары аясында қол жеткізілген «Абу-Даби – Алматы» және «Абу-Даби – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша «Wizz Air»-дың тұрақты жолаушылар әуе тасымалын бастау туралы уағдаластықтың іске асырылу барысы туралы баяндады.
Сонымен қатар тараптар халықаралық бизнес және туристік қоғамдастық қызығушылық танытып отырған Түркістан, Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларына «Wizz Air» әуе рейстерін ашу келешегін, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі аса перспективалы сауда бағыттары бойынша әуе жүк тасымалын ұйымдастыруды талқылады.
Бұдан басқа, «Wizz Air» әуе компаниясы Қазақстанда жаңа буындағы авиаотын өндірісін – «тұрақты авиациялық отынды» (sustainable aviation fuel) өндіруді ұйымдастыруға қызығушылық танытты.