Қостанай көшелерін еріген қар суы басып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай көшелерін еріген қар суы басып жатыр

06.04.2021

Қостанайда еріген қар суы жұртшылықты әбігерге салып жатыр. Көлге айналған көшелерде көлік түгілі жаяу жүру қиындаған. Ағатын жол таппаған су ауланы басып, тіпті кейбір жеке секторда үйлердің ішіне де кіріп кеткен. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Өткен демалыс күндері күн жылып қар күрт ери бастағаннан қала жұрты әуре сарсаңға түсті. Әсіресе, жаңадан бой көтерген шағын аудандар мен жеке сектордағы тұрғындар қар суынан зардап шегіп отыр. Қанша ауланы мен үйге су кіргенін нақты айту әзір мүмкін емес. Алайда тұрағы шалшыққа айналғанын айтып шырылдаған жұрттың бейнежазбалары әлеуметтік желіні кезіп жүр. Коммуналды қызмет өкілдері болса әдеттегідей қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандарын, 19 шақырымнан асатын сауағалардың бәрі тазартылғанын айтады. 

Наурызбай Мусин, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Біз бірінші кезекте Айкөмектен келген хабарлама бойынша көмекке барамыз. Екінші кезекте біздің міндетімізге кірмесе де әлеуметтік әлсіз топтарға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге жәрдемдесеміз. Мүмкіндікке қарай тұрғындардың зардап шекпеуі үшін әрекет етіп жатырмыз.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мамандар алдағы күндері ауа температурасы тағы да көтеріле түседі деп отыр. Сондықтан тұрғындар қар суынан қатты зардап шекпеуі үшін, жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істейміз деп отыр.

Хабарламаларға жазылу