Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1936 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Қабдеш Жұмаділұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев та қаламгердің өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.
Қабдеш Жұмаділов әдебиетке өлеңмен келді. Болашақ жазушының тырнақалды туындысы «Шыңжаң» газетінде басылды. 1956 жылы ол Қытай үкіметінің арнайы жолдамасымен Алматыға оқуға жіберіледі. Осы жерде атақты Мұхтар Әуезовтың қолына түсіп, ақ батасын алды. Алайда филология факультетін оқып жүрген алғыр студентті 1958 жылы Қытай үкіметі қайта шақыртып алады.
Алмас Ахметбекұлы, ақын:
Қайтып барғаннан кейін шетелге шыққан, тыңшы болуы мүмкін, шетел идеологиясын дәріптеуі мүмкін деп бұрын өзі жұмыс істеген. «Шыңжаң», «Шұғылада» жұмыс істеп жүрген жерінен көмір қазуға алып кетеді.
Қаламгер 1962 жылы Қытайдан ауған қазақ көшін бастап елге оралады. Сол оқиғаны өзі де көзі тірісінде аузынан тастамай айтып жүрді.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы:
Егер ол тағы бір ай ашық тұрғанда миллион қазақ өтетін еді бері қарай. Ойлаймын кейде, ең соңғы сағатым соғылып бақиға аттанатын кезде де, сол еңбегімді еске алып көз жұматын шығармын деп ойлаймын.
Ізбасарлары қаламгердің бүкіл ғұмыры еркіндікке талпынуға, ұлттық азаттыққа жетуге құрылған еді дейді. Осы сәтке дейін уақытқа да, заманға иілмепті.
Ұлықбек Есдаулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
Нағыз халық жазушысы болып, әділеттің сөзін сөйлеп, шындықты шырылдатып айтып, әр нәрсені бүгежектемей ашық айтып келе жатқан адуынды, ай маңдай жазушымыздан айырылып қалдық. Ақсақалдық абыз сөздері, ұрпақтарға әлі де, дәл осындай бір замандарда керек еді.
Қара сөздің дарабозы «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» сияқты қос томдықты қатар есептегенде он бір роман мен 20-дан аса хикаят жазып қалдырды. Мұның сыртында жетпіске жуық әңгіме, жүзден астам мақала, ой-толғам, сыр-сұхбаттарының өзі - бір төбе.
Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары:
Бұлардың барлығы да - қазақ әдебиетінің «Алтын қорында» сақталатын дүниелер. Қазақ әдебиетіне соқталы дүниелер берген абыз тұлғамыздан айырылып отырмыз.
Марқұмның жаназасы ертең Алматыда шығарылып, денесі өзінің өсиеті бойынша өмірбақи жырлап өткен Тарбағатай тауының бөктеріне жерленеді.