Жүргізуші куәлігін заңсыз сататындардың саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүргізуші куәлігін заңсыз сататындардың саны артты

05.04.2021

Елімізде жүргізуші куәлігін заңсыз сататындар көбейді. Сауда әсіресе, Елордада қызып тұр. Әлеуметтік желілерде құжат ашық саудаға түскен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былықтың басы-қасында полиция департаментінің өкілдері отырғанын анықтады.

Мұндай жарнамадан көз сүрінеді. Айла әрекеттерін жасырмайды да. Қылмыспен күрестің барын білсе де, қымсынып жатқан ешкім жоқ. Жүргізуші куәлігін заңсыз алуға Дәуірбек те дәмелі болған. Сұранысына ұсыныс дайын. Әлеуметтік желіден тез тапқан. Жол ережесін оқудың да, оған тест тапсырудың да қажеті жоқ. Ақша берсеңіз болғаны, құжат дайын.

Дәуірбек Әлденов, қала тұрғыны:
 Бірден ақшасын сал дейді. Бірінші ақшасын төлеу керексін, содан кейін барып куәлік жасап береді. Бірақ, жасатпадым. Себебі білдім оның заңсыз түрде екенін.

Дәуірбек құтылғанымен, тұтылғандар жетерлік. Елордада бір жылда 2 мыңнан аса жүргізуші куәлігі заңсыз берілген. Яғни, құжат сатылған. Бағасы 80 мыңнан басталады. Мұндай алаяқтық әрекеттер Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларынан да анықталуда. Заңсыз алынған құжат иелерінің куәліктері қазір шетінен тәркіленіп жатыр. Тергеу басталды.

Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі департаментінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:
7 мөр мен 179 бланк табылған.  Заңсыз жіргізуші куәліктерін алған азаматтар, яғни тест тапсырмай, заңсыз алған мұндай азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай азаматтар штраф төлейді және сот үкімімен бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай іске бармау керек азаматтар. Себебі, жауаптылық өте қатаң.

Куәлікті сатып алғандар да айыпты. Заңсыз құжатқа төлеген сомасына 35 есе үстеме арқалайды. Мысалы, 100 мың берсе оған қылмыстық әрекеті үшін 3,5 миллион теңге айыппұл салынады. Сондықтан екі жақ та жазадан құтылмайды.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Айыптылар анықталып жатса да алаяқтар айылын жияр емес. Қазір солардың біріне хабарласып көрейік.
Сәлеметсіз бе? Куәлік сатып алайын деп ем? Не істеуім керек? Қанша тұрады? Заңды ма?

Міне, көргеніңіздей, жүргізуші куәлігі ашық саудада. Бірақ, оңай алынған құжаттың салдары қауіпке апарады. Себебі, жол жүру ережесін білмей, көлік тігзіндеу – біреудің өмірін қиюы мүмкін. Ал бұндай қателік ешқашан кешірілмейді. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу