Бекшин Ораза қарсаңында алматылықтарға үндеу жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекшин Ораза қарсаңында алматылықтарға үндеу жолдады

05.04.2021

Алматыда коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтырған 17 адам тіркелді. Көбінде ауру симптомсыз, жеңіл өтіп жатыр. Алайда, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің аталған науқастарда вирус ұзақ сақталған, яғни қайта жұқтырмаған болуы мүмкін. Сондай-ақ, ол аурудан сауыққандарда вирусқа қарсы антидене 6-7 айға дейін ғана сақталатынын ескертіп, көпшілікті вакцина салдыруға шақырды. Себебі, қазір қалада індет індеп барады. Соңғы тәулікте 611 адам вирус жұқтырды. Науқастар қатарында әсіресе балалар көп.

Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:
Наурыз айының бірінші аптасында 10 бала инфекция жұқтырған. Қазір 160-қа жетті. Жыл басынан бері 1700-ге жуық оқушыдан вирус анықталды. Олардың 80 пайызы үйде, яғни қашықтан оқитындар. Сондықтан, ата-аналар балалардың қайда жүргенін бақылап, сақтануға кеңес бергені жөн.

Мегаполисте ахуал ушыққанымен, бас санитардың соңғы қаулысына сәйкес шектеу жеңілдеді. Енді сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары мен өзге қызмет көрсету орындары ашық. Тек демалыс күндері жұмыс істемейді. Боулинг орталықтары мен компьютер клубтары «Ashyq» қосымшасы бойынша, ал шаштараз, косметологиялық қызмет көрсету орындары мен сұлулық салондары алдын алу жазылу арқылы келушілерді қабылдай алады. Ал театр, концерт залдары сынды мәдени орындарға әзірге рұқсат жоқ. Сондай-ақ Жандарбек Бекшин алматылықтарды алда келе жатқан Рамазан айында көпшілік шараларды ұйымдастырмауға шақырды.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу