Отандық телеарнадан шетелдегі қазақтарға ана тілін үйрететін бағдарлама ашылады - министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық телеарнадан шетелдегі қазақтарға ана тілін үйрететін бағдарлама ашылады - министр

05.04.2021

Түркиядағы қазақ жастарының Қазақстанға келіп білім алуы үшін бөлінетін гранттардың саны артуы тиіс. Себебі шет елде туып-өскен жастар ана тілдерін ұмытып барады. Ыстамбұлда Түркиядағы қандастарымызбен кездескен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді. Бұдан бөлек әлемге тарайтын отандық «Qazaq TV» каналында шетелдегі қазақтарға ана тілдерін үйрететін арнайы бағдарлама ашылатынын да жеткізді. Қашықта жүріп тіл үйренгісі келетіндер үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Кездесу барысында жырақта жүрген қандастарымыз министрге шешілмей жатқан басқа да мәселелерін айтты. Аида Балаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай министрлік Ыстамбұлда қазақтардың кіші құрылтайын өткізуге мұрындық болатынын және сол басқосуда бірқатар күрмеулі мәселелердің түйіні тарқайтынын айтты.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Шетелдегі этникалық қазақ жастары үшін еліміздегі ЖОО оқуға түсуге жыл сайын 4 пайыз квота бөлінеді, бұл шамамен 2000-ға жуық. Ол квотаны да егер сұраныс болып жатса, немесе жеткіліксіз деп жатсаңыздар біздің министрлік Білім министрлігімен тікелей сөйлесіп, оны көбейтуге мүмкіндіктеріміз бар.
Әбдіуақап Қара,  алаштанушы, профессор:
Тілге қажеттілік болуы керек екен. Қажеттілік болмаса бала екі-үш ай курсқа барып, кейін ұмытып кетеді екен. Сондықтан біз министрге мынадай ұсыныс жасадық: біз балаға тілді үйретіп қана қоймайық, оның соңына түсейік. Қазақстандағы көптеген шараларға шақырайық араластырайық. 

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу