COVID-19 бойынша ахуал күрделеніп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі ақпары мынадай: 398 адамның жағдайы ауыр.103 пациенттің жағдайы өте ауыр. COVID-19 коронавирусы 2054 адамға жұққаны тестпен расталды. 7 адам қайтыс болған. Пневмония 50 адамнан анықталған, 4 адам қайтыс болған.
Өткенде «Көбелек әсері. Пандемияда туған пайым» деген фильмді түсіру барысында кеңескен, сұхбаттасқан дәрігерлер, тіпті микробиолог ғалым сөздерін «Тығырықтан шығатын жалғыз жол – екпе салдыру. Иә, тағы бір жолы бар – толық локдаун. Бірақ былтыр локдаунның қандай болатынын, дәлірегі – тіршіліктің тоқтап, ішерге ас таппай қалатынымызды көрдік», деп аяқтады. Вакцина. Оған байланысты екі проблема бар. Біріншісі: екпеге сенбейтіндер аз емес. Екіншісі: екпенің өзі жеткілікті емес, вакциналау тым баяу жүріп жатыр.
Біріншісіне байланысты сарапшылардың негіздемелері билікке сенбеудің жылдар бойы қордаланғаны, ал былтырғы аласапыран сәтте дәрі тапшы болып, пандемияға қарсы бөлінген қаржының да желінуінен бастап, әлемдік «заговор» деген әңгімеге сенетіндер көп дегеннен тұрады. Оған соңғы жылдары жалпы вакцина атаулыға қарсы топтардың шығуын қосу керек шығар.
Екінші проблема – өте баяу жүріп жатқан вакциналауға орай «Денсаулық сақтау министрі Цой бұл жұмысты «табысты» талқандап отыр» деді Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова. «Мұндай темппен тұрғындардың 70 пайызына екпе егу үшін 15 жыл керек екенін есептеп шығаруға жоғары математикалық қабілет керек емес».
Иә, ғалымдар, профессионалдар сияқты өкімет те жаппай вакциналау ғана пандемиямен күресте нәтиже береді дейді. Бірақ неге екпе егу дұрыс ойластырылмаған және жүйесіз жүріп жатыр?
Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінге берген мәліметі бойынша 163 314 адам екпе ектірген. Негізінен дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер салдырды. Екі айдай уақытта халықтың бір процентіне де жетпейтін адам егілгенде, Ұлыбританияда тұрғындардың 33 пайызы, АҚШ-та 28 пайызы екпе алып үлгерген.
Бейсенбіде Президент Қасым-жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалға байланысты кеңес өткізген.
Айта кететіні, Президент өткізген кеңестен кейін Алматыда вакциналау қарқын алды. Бүгін әкімі Бақытжан Сағынтаев бір аурухана мен бірнеше емхананың екпе салатын кабинеттерін аралағанын инстаграмдағы аккаунтында хабарлады. 70 емхана, 31 сауда, мәдениет, білім және спорт нысандарында, жылжымалы пункттер бар, жалпы 250 пункт ашамыз деген ол. Дәрігер-резиденттерді қосқанда 3 жарым мың маман тартылатынын, екпе сақтайтын мұздатқыш камералармен қамтамасыз етуге аса мән беретіндерін айтқан. Соңғы 2 күнде 17 мыңдай адам екпе салдырған.
Басты тақырыпты Азамат Алдоңғар тарқатады.