Павлодар облысының Біржанкөл ауылында салынғанына 60 жылдан асқан ескі мектеп аукционға қойылды. Бірақ тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар ғимаратты өз қаржыларына жөндеп, ел игілігіне жаратқысы келеді. Себебі елді мекенде клуб, медпункт, кітапхана атымен жоқ. Ал ауыл адамдарының өтінішіне құлақ аспаған әкім туризмді дамыту қажет деген желеумен нысанды сатуға мүдделі.
Жергілікті тұрғындар мен әкімшілік таласқан ғимарат өткен ғасырдың 60 жылдары салынған. Бастапқыда қазба байлықтарын зерттеуге келген геологтардың кеңсесі болған. Кейін мектеп болып ашылды. Ал, былтыр жаңа құжат жасалып, аудандық қаржы бөлімінің балансына тіркеліпті.
Марат Сүлейменов, Біржанкөл ауылының тұрғыны:Аудан әкімі келді де әнеукүні «Бұны аукционға қойып отырмыз»-деп айтып кетті. Бұзу, сатудан келеді әйтеуір. Білмеймін, бір 2 млн теңгеге сатар. Ол Үкіметке теңізге түскен тамшыдай ғой.
Ауданның бұрынғы әкімі ескі ғимаратты аңшылар үйіне айналдырамын-дегенде де тұрғындар өре тұрып алып қалыпты. Іле өз тарапымыздан қаржы жинап клуб және спорт залын саламыз-деп әкімшілікке өтініш жазады. Бұған көнбеген әкім көне мектепті бірден бәз саудаға қойған.
Үміткен Әубәкірова, Біржанкөл ауылының тұрғыны:Бізді ойласа мына жер қалмай ма? Оны бере ме басқаларға? Не кітапхана жоқ, не медпункт жоқ, ештеңе жоқ. Біз шетте қалған ауылмыз.
Екі жыл бұрын Біржанкөл аумағын туристік айлаққа айналдыру жөнінде облыстық әкімшілік шешім қабылдаған. Соған сәйкес ауылдың инжненерлік-коммуникациялық инфақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Көптің көзін қызартқан осы. Тіпті, шалғайдағы ғскі ғимаратқа елордалық кәсіпкерлер көз тіккен көрінеді. Ауыл әкімі де солардың келуін хош көретінін ашық айтты.
Самат Ыбырайұлы, Құндыкөл ауылдық округінің әкімі:Астанадан архитекторлармен бәрі сөйлесіп отыр. Аудан әкімі бәрі. Бұны енді мына жерге бір жоба құрып отыр.
Ауылға сырттан көшіп келушілер де көбейген. Биылдың өзінде жер телімін алуға 10-ған өтініш түсіпті. Сондықтан, туризмді дамытудан бұрын әуелі әлеуметтік нысан ауадай қажет дейді тұрғындар.
Болат Аманбаев