Қостанайлық қариялар университетте білім алып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық қариялар университетте білім алып жүр

02.04.2021

Қостанайда 200-ден аса егде адам студент атанып, университетте оқып жатыр. Олардың дені зейнет жасында. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте жүзеге асып жатқан бұл жоба, аға буын өкілдерін рухани-әлеуметтік тұрғыда қолдауға арналған. Сабақ аптасына екі рет өтеді. «Күміс университет» жобасы тыңдаушыларының алғашқы дәрісіне тілшіміз Дәуренбек Әбдібек қатысып қайтты. 

Юрий Хорьяков - қырық жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған адам. Облыс әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілген жан: «Қандай лауазымды қызметте де жүрсем де, шығармашылыққа жаным жақын болды», - дейді. Талай ұжымдық мәдени шараларға қатысып, тіпті хорда ән де шырқапты. «Күміс университет» ашылғанда алғашқылардың бірі болып вокал тобына жазылды. 

Юрий Хорьяков, «Күміс университет» жобасына қатысшуы:
Осындай мүмкіндік туып тұрғанда әуен әлемінің теориясы мен табиғатын тереңірек игергім келді. 

Вокал тобындағы 20 адамның бірі – Нұрғайша Антаева. Ол отыз жылдан бері мейірбике боп еңбек етіп келеді. Отбасылық отырыстарда ән шырқауды жаны сүйеді. Енді курсқа қатысу арқылы осы қабілетін дамытып, сахнада өнер көрсетсем дейді. 

Нұрғайша Антаева, «Күміс университет» жобасына қатысшуы:
Жалпы, ойым бар хорға қатыссам деген. Сондай мәдени щараларға қатысып, осы алған білімімді кәдеге жаратсам деп ойлаймын. 

Жоба бойынша қамтылған 18 бағыттың ішінде экономика, экология, агрономия, ветеринария, тіл үйрену курсы тәрізді күнделікті өмірге қажет саланың бәрі қамтылған. Соның бірі ІТ технологиясы. Бұрынғы есепші Роза Әйкенованың таңдауы осы пәнге түсіпті. 

Роза Әйкенова, «Күміс университет» жобасына қатысшуы:
 Компьютерде бүкіл ақпарат бар. Соны үйренгім келеді. Таныстарыммен, туыстарыммен осы арқылы хат жазысып, араласып тұрсам деп ойлаймын. 

«Күміс университетке» жазбаша өтініш берген барлық адам қабылданады. Әр пән бойынша 18-ден 36 сағатқа дейін дәрістер өтеді. Тыңдаушыларға баға қойылмайды, емтихан тапсырмайды. Басты мақсат - аға буынның уақытын тиімді әрі көңілді өткізуіне мүмкіндік тудыру. Курс аяқталған соң тыңдаушылардың бәріне сертификат беріледі. 

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу