Интернет алаяқтар қос зейнеткердің атынан алты несие рәсімдеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернет алаяқтар қос зейнеткердің атынан алты несие рәсімдеген

01.04.2021

Интернет алаяқтар ерлі-зайыпты зейнеткерлердің атынан 6 несие рәсімдеген. Соның кесірінен Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын қос қария сегіз айдан бері зейнетақыларын толық ала алмай жүр. Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері 300-ден астам осындай қылмыс тіркелген.

Жарқынай Ахметова өз атынан екі рет, жұбайының атынан төрт рет былтыр жазда белгісіз біреулер несие рәсімдегін айтады. Бұл туралы ол коллекторлық компания өкілдері қоңырау соғып, қоқын-лоқы жасай бастағанда бір-ақ біліпті. Кейін ескерту хаттары да келген. Аяғында зейнетақыларын ұстай бастайды.

Жарқынай Ахметова, Рудный қаласының тұрғыны:
Барды да мұның карточкасын жауып тастады. Пенсиясын алайын деп барсам, мұнікі өзі 59 мың ғой. Соны түгел ұстап қалған. Менің зейнетақымды тамыздан ұстай бастады. Соңғы 44 мыңды тағы ұстады.

Алаяқтар қарапайым зейнеткерлерді ғана емес, банк қызметкері Әсел Ысқақованы да қапы қалдырған. Оның өз атына осыдан үш жыл бұрын рәсімделген үш бөлек несие әлі мойнында тұр.

Әсел Ысқақова, Қостанай қаласының тұрғыны:
 Біріншісі 75 мың теңге, қалған екеуі 15 мың теңгеден. Алайда олар өсімақысымен 300 мың боп тұр. Мерзімі өткен төлем 230 күнге жетті. Яғни менің несие тарихым бүлінді.

Полиция департаментіндегілер 2019-шы жылы интернет алаяқтыққа байланысты 652 қылмыс тіркелсе, 2020-шы жылы бұл көрсеткіш 800-ге жуықтағанын айтады. Ал биыл жыл басталғалы 300-ден астам осындай қылмыс тіркеліп, оның 56-сы ғана ашылған.

Сәбит Ибраемов, облыстық ПД киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі бөлім бастығы:
Бұл қылмысты ашудың, тергеудің бір қиындығы бар. Себебі ол трансшекаралық сипатқа ие. Яғни жәбірленуші бір қалада, күдікті басқа аумақта болады көбіне.

Қылмыс ашылмаса жәбірленушінің несие тарихын қалпына келтіру де қиын. Бірақ полицияға алаяқтық құрбаны болғаны жөнінде арыз жазылған соң сот орындаушыларының азаматтардың есеп-шоттарын бұғаттап, жалақысын, зейнетақысын ұстауына болмайды. Сондықтан полиция департаментіндегілер рудныйлық қарияларға байланысты істі нақтылап, бақылауға алатындарын айтты.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу