Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылын су басып жатыр. Соңғы бірнеше күннен бері көшелер көл-дария болып, аяқ алып жүргісіз. Тоқтаусыз аққан судың қарқыны күн жылынған сайын үдеп, жұртты сергелдеңге салуда. Ауыл тұрғындары толарсақтан саз кешіп, әркім өз бетінше судан қорғанып жатыр. Шығыс ауылында 600-ден астам үй бар. Олардың көбі елге келген қандастарымыз үшін арнайы салынған. Көктемгі судан Сарыарқа көшесінде үйлер ең көп зардап шегіп отыр. Ал құзырлы органдар болса, осы жағдайды болдырмас үшін былтыр біраз шаруа істелгенін айтып, халықты сабырға шақырып отыр.
Айнұр Бекетай, ауыл тұрғыны:
Төмен қарай барады да, талай елдің үйін су басып, еденнің астына кіріп кеткен. Халыққа обал болып жатыр енді.
Тілеухан Жилияз, №11 жергілікті басқару комитетінің атқарушы директоры:
Бұл жерде бұрыннан канал болмаған. Сол себепті су асфальттың бойымен ағады. Жылда төмен жақта су жиналатын. Өткен жазда төмен жақта үлкен арық қазды, ауылдың басынан аяғына дейін. Су жақсы кетіп жатыр. Енді, халыққа кішкене сабыр сақтау керек. Бұл уақытша табиғи құбылыс. Кішкене шыдаса бұл да кетеді.
Берік Көшербай