Тәуелсіздік жылдары апатты және үш аусымды мектептер азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік жылдары апатты және үш аусымды мектептер азайды

31.03.2021

Тәуелсіздік жылдары елімізде 2000 мыңға жуық жаңа мектеп салынды. Нәтижесінде апатты және үш аусымды мектептер саны азайды. Үкімет 2025 жылға дейін тағы да 800 мектеп салып, бұл мәселені түбегейлі шешуді жоспарлап отыр.

Қазір елімізде 7 мыңдай мектеп бар. Олардың 4 мыңы қазақ, 5 мыңы аралас мектептер. Ал аралас мектептердің 80 пайызы қазақ сыныптары. Яғни Тәуелсіздік жылдары қазақ мектептерінің саны 950-ге артқан.

Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы:
Тәуелсіздік жылдары 1850 мектеп жаңадан салынды. Жалпы мектеп салынған кездегі басты приоритет 3 аусымдық мектептерді азайту, апатты мектептерді жою.

Елордадағы мына №85 мектеп-лицейде былтырға дейін балалар 3 аусымда оқып келген. Биыл бұл мәселе шешілгенімен, айналадағы тұрғын үй қатары көбейді. Енді жаңа оқу жылында қайтадан 3 аусымға көшу қауіпі бар.

Салтанат Мұхамедалиева, №85 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:
Біріншіден мектептің аздығы, біздің маңайымызда екі ғана мектеп бар және тұрғын үй күн сайын артып келе жатыр. Осының өзінде бірнеше тұрғын үй берілуге дайын тұр. Оның балалары да біздің мектепке аумақ бойынша жатады.

№85 лицей басшылығы тез арада жақын маңдағы мектептер қатарын арттырмаса, жаңа оқу жылында оқушылар саны белгіленген межеден 3 есе артық болады деп болжап отыр. Ал ата-аналар қайтадан өткен жылғы жағдайға оралуға түбегейлі қарсы.

Орынай Айтжанова, ата-ана:
3 аусымдық болғандықтан өте қиындық туындады. Себебі сабақ 11-де басталып, 2-де аяқталады. Бұл бала үшін де, ата-ана үшін де өте қолайсыз болды. Мына аядай бөлмеде 31 баланың оқуы мұғалім үшін әрине үлкен күш.

30 жылда апатты және 3 аусымды мектептерді азайту үшін аз жұмыс атқарылған жоқ. Мәселен, былтыр 3 аусымда оқитын 191 мектеп болса, биыл бұл көрсеткіш 54 мектепке дейін азайған. Үкімет 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 200 мектептің құрылысы биыл аяқталмақ.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу