Halyk Arena кешеніне науқастар қайта жатқызыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Halyk Arena кешеніне науқастар қайта жатқызыла бастады

31.03.2021

Алматыда түнгі клубтар мен мейрамханаларға барғандарға 93 миллион теңге айыппұл салынған. Осындай демалыс орындарына баратындар көбейгендіктен, тексеріс те күшейді. Бұдан былай, қоғамдық көлікте маска тақпағандар да айыппұл арқалайды. Мониторингтік топтар автобустарда карантин талаптарының сақталуын бақылауға кірісті. Тексерушілер бұған дейін рейд жүргізіп, ереже бұзғандарға тек ескерту жасаған. Енді шара қолдануға құқылы. Олар маска тақпаған жолаушыларды қоғамдық көлікке кіргізбейді. Сонымен қатар, жүргізушілер де карантин талаптарын толық сақтауы тиіс.

Сымбат Мырзағұлов, қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары:
Автобусқа кіреміз де сұраймыз, маскаларыңызды киіңіздер. Адамның көбісі оны түсінеді. 

Ал қаладағы Halyk Arena спорт кешеніне коронавирус жұқтырған науқастар қайта жатқызыла бастады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қосымша орындарды инфекция таралмауы үшін аштық деп түсіндірді. Провизорлық орталықта тек жағдайы орташа науқастар ем алады. Бүгін таңертең мұнда 18 адам жеткізілген. Жалпы спорт кешенінде 1000 төсек-орын жасақталған. Науқастарға медициналық көмек көрсету үшін орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Айта кетейік, ірі мегаполисте соңғы бір тәулікте 526 адам вирус жұқтырған. Олардың 101-інде ауру белгілері жоқ.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу