20 жыл мал баққан шаруа шатқаяқтап тұр. Себеп – асыл тұқымды мал жеткізіп береміз деген серіктестік сан соқтырып кеткен. Ол аздай қожалықты сотқа беріп, жеткізілмеген ірі қара үшін 116 млн теңге өндіріп алуды көздеп отыр. Басы дауға қалған кәсіпкер «бармаған жерім, баспаған тауым қалмады» дейді. Дарын Сағитов тарқатады.
Қожалық 2019 жылы «AgroЕxport LTD» серіктестігімен 240 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуға келіседі. Сол үшін «Сыбаға» бағдарламасымен 180 млн теңге несие алады. Оның 126 млн-ын алдан ала төлеп қояды. Бірақ, серіктестік малды құжатта көрсетілген мерзімнен кешіктіргенімен қоймай, мал басын толық әкеп бермейді.
Мүбарак Наукенов, шаруа қожалықтың басшысы:Мен келісімшарт бойынша малдың тек 40 пайыз басын алдым. Одан кейін бір де бір бас ірі қара алғам жоқ. Қалған ақшамды қайтарып беруін сұрадым. Ешқандай нәтиже болмағаннан кейін сотқа жүгіндім.
Арызды Ақмола облыстық экономикалық соты қараған. Нәтижесінде қожалық жеңіске жетті. Сот үкімі бойынша қайтарылмаған қаражат өндірілуі тиіс. Бірақ серіктестік қожалықты қарсы сотқа беріп, жеңіп кетеді. Сөйтіп аяқ асты шаруаның өзі серіктестікке 54 млн. теңге берешек болып қалады. Қазір қарызы 116 млн. теңгеге жеткен.
Мұхтар Батырбаев, қорғаушы:Сот келісімшартта көрсетілген талап-ережелерді ескеру қажет. Екі тараптың арасында ресми құжаттар болуы тиіс. Олардың айтуынша, біз әкелген малды таңдаудан бас тартыппыз. Сот ауызша айтқан дәлелдерге сенбеуі тиіс. Бұл сот актісі заңсыз деп есептеймін. Енді жоқ тауарға ақша төлеуді талап етіп отыр.
Шарасыз шаруа енді жоғарғы сотқа шағымданбақ. Олардан қайыр болмаса, Елбасы мен Президенттен көмек сұраудан басқа амалым жоқ деп отыр.
Мүбарак Наукенов, шаруа қожалықтың басшысы:Жіпсіз байланып отырмын. Бүкіл техникам аресте тұр. Шоттарым бұғатталған. Не істерімді білмеймін. Ертең банкротқа ұшырасам қаншама адам жұмыссыз қалады. Тиісті органдардан көмек сұраймын.
Сот шешімі бойынша серіктестік енді қожалыққа қалған 139 бас ірі қараны жеткізіп беруге міндетті емес. Керісінше, фермер оларға 116 млн. теңге берешек. Мұның сыртында алған несиенің миллиондаған айыппұлдары тағы тұр.
Дарын Сағитов