Шығыстың бас шаһарында қоғамдық көлік тапшы. Қала тұрғындары автобусты кемі 40 минуттан бір жарым сағатқа дейін күтуге мәжбүр. Жолаушы тасымалдау компанияларындағы күнделікті қызмет көрсететін 260 автобустың 60 пайызы - ескі. Сондықтан тозығы жеткен техника жиі сынады, жүргенінен тұрғаны көп.
Автобустардың аздығы мен үнемі кестеден кешігуі өскемендіктерді әбден қажытты. әсіресе, қаланың шетінен қатынайтын тұрғындарға қиын. Қоғамдық көлікті күтіп аялдамада сағаттап тұрады.
Рая Жұмажанова, қала тұрғыны:
Кешке жақын мүлде жүрмейді. КШТ-ға дейін жетіп аламыз. Одан бері қарай әрең келеміз.
Болатхан Ойкенов, зейнеткер:
Қазір коронавирус қой. Ара қашқытық сақтаңдар дейді. Сығылысып, қалбырдағы балық сияқты әрең жүреміз. Ол дұрыс па ол? Дұрыс емес.
Қоғамдық көліктерге қатысты қордаланып қалған мәселе көп. Ең негізгісі - техниканың әбден тозғандығы пен автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Ал соңғы күндері қардың тым қалың түскені қоғамдық көліктің жүру уақытын одан бетер алшақтатып жіберді.
Евгений Клейн, автопарк директоры:
Негізгі жолды айтпағанда автобустар тоқтайтын ең соңғы аялдамалар мүлде тазаланбайды. Осының кесірінен жүру кестесі бұзылады. Ал ең негізгі проблема ол автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Қазір бізде автобус тізгіндеп жүргендердің орташа жасы - 52.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қаладағы ескі автобустарды жаңартамыз дегеніне бірнеше жыл болды. Су жаңа 80 автобус алу жөнінде жоспарлары да бар. Бірақ әзірге сөзден нақты іске көшпеді.
Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:
Қазіргі кезде инвестор бойынша сұрақ бар. қандай компания автобустарды өзінің теңгеріміне алып, қалай қызмет жасайды. Сол мәселлелер қарастырылып жатыр. Басты мақсат қадағы автопаркті жаңарту.
Ескі автобустар мәселесін экологтар да жиі көтереді. Себебі тозығы жеткен қоғамдық көліктер өскеменнің онсыз да лас ауасын күннен-күнге ластап жатыр.
Берік Көшербай