Әлемнің 23 мемлекеті мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болашақ пандемиялармен бірлесіп күресуге арналған халықаралық келісім жасау идеясын қолдады. Бұл туралы мақала бүгін Еуропаның маңдайалды газеттерінде жарық көріп жатыр. Жаңа бастаманы Франция, Ұлыбритания, Германия, Испания, Норвегия, Португалия, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Украина, Сербия, Грекия, Индонезия сияқты ірі елдердің жетекшілері қуаттаған.
Келісімнің басты мақсаты – келешекте әлемнің дабыл қағу жүйесін жақсарту, мәліметтермен бөлісу, зерттеулер жүргізу, вакциналарды өндіру мен әділ тарату, диагностика мен қорғану жабдықтарын жетілдіру арқылы пандемия алдындағы беріктікті нығайту.
Жер шарындағы эпидемиялық ахуалға тоқталсақ, Бразилиядағы жағдай қиын. Мұнда күніне коронавирусты 76 жарым мыңнан астам адам жұқтырып, 2 мыңнан астамы қайтыс болады. Ал, планета бойынша осындай науқастар 127 миллион 348 мыңға жетіп отыр. «Рейтер» агенттігінің дерегінше, қазір пандемия 89 елде күшейіп келе жатса, вакциналау науқаны 141 мемлекетте басталып кеткен.
Арыстан Рысбек