Баянауыл ұлттық табиғи паркіне қарасты, мемлекет тарапынан қорғалатын Біржан көлін жергілікті кәсіпкер меншіктеп алған. Шаруашылық иесі суат ойып, мыңғырған малын көлден суарып отыр. Ал, Ұлттық парк өкілдері мұны заңға қайшы дейді. Көлге қожалық еткен аудандық мәслихат хатшысының баласы, сондықтан жергілікті билік бұған көз жұмып отыр деген ауыл тұрғындары облыс әкіміне хат жолдады. Болат Аманбаев мәселені анықтап көрді.
Былтыр күзде көл шетіне қора салған кәсіпкер, ауылдың талай жылғы жайылымын қоса рәсімдеп алыпты. Мұны жуырда ғана естіген ауыл тұрғындары жерді қайтаруды талап етуде.
Қанағат Сансызбаев, Біржанкөл ауылының тұрғыны:
Ферма салып отыр. 200 бас қара малы 800 бас қойы бар. Сондықтан бізге жайылым болмай қалды. Алдында Нацпарктың директоры болды, жердің бастығы болды, қазір мәслихат депутаты.
Шаруашылық көлге қол созым жерде тұр. Айнала мал өлексесі. Ұлттық табиғи парк инспекторлары бірнеше мәрте ескерту жасап, айыппұл да салған. Бірақ нәтиже жоқ. Қайта, кәсіпкерге тісі батпағандар көлді қараусыз қалдырдыңдар деп табиғи парк қызметкерлерінің өздерін жазалап, алты айға ақшасынан айырған. Заң бойынша, мемлекет тарапынан ерекше қорғалатын аумақтан екі шақырым қашықтықта ғана құрылыс жүргізуге болады. Ұлттық парк басшылығы өз иеліктеріндегі жердің кәсіпкердің қолына қалай өтіп кеткенін білмейді.
Сүйіндік Ахметжанов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
Ол заңсыз. Қазіргі уақытта буферный зонадан 500-600-ақ метр. Кезінде беріліп қойған.
Ал, ауылдың әкімі кәсіпкердікі дұрыс -дейді. Бос жатқан жерді рәсімдемеген ауыл тұрғындарының өздері кінәлі көрінеді.
Самат Ыбырайұлы, Құндыкөл ауылының әкімі:
Осы уақытқа дейін бос жатқан жер еді. Оны әр адам, кез келген адам алуға болады. Бірақ ешкім алған жоқ, бос жатты.
Мемлекет тарапынан қорғалатын аумақтан ойып тұрып жер алған кәсіпкер істің ақ-қарасын сот шешсін деп отыр.
Аспандияр Мүбәрәк, шаруа қожалығының иесі:
Соттың шешімі болса әрине ол кезде не істеймін? Еңбекпен алған үй мен базымды басқа жерге көшіруге міндетті боламын.
Ұлттық парк Біржанкөл маңындағы шаруашылық ниеленіп отырған жерді ерекше қорғалатын аумаққа қайтарып алу үшін құжат әзірлеп, сотқа бермек.
Болат Аманбаев