Алматыда вирусты қайта жұқтырған 10 адам тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда вирусты қайта жұқтырған 10 адам тіркелді

29.03.2021

Алматыда коронавирус инфекциясын қайта жұқтырған он адам тіркелді. Олар алғаш дертке шалдыққанда ауру симптомдары болмаған. Алайда бұл жолы клиникалық белгілер байқалып отыр. Жалпы, алып шаһарда бір тәулікте 500-ден аса адамнан коронавирус табылған. Соңғы үш айда 13 мың науқас тіркелді. Ауруханаларда 3 мыңға жуық адам ем алып жатыр. Олардың 133-і - бала. Мәселен, вирус жұқтырған 14 жасқа дейінгі балалар саны күрт өсіп, 7-ден 11 пайызға дейін артты. Ал 1 жасқа дейінгі балалар саны 55-ке жетті. Жалпы, дәрігерлер 35 науқастың жағдайы өте ауыр, ал 260 адамдікін ауыр деп бағалап отыр. Осыны назарға алған қала билігі жағдай ушыға берсе, Алматыға толық локдаун енгізілуі мүмкін екендігін ескертті. Сондай-ақ мамандар қазір қаладағы сауда үйлері мен базарларда, медициналық ұйымдарда халыққа жаппай екпе салу жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатқанын атап өтті.

Лаура Мырзағали, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі:
Сәуір айының бесі күні вакцинаның 14900 дозасын аламыз. Қалғаны бір ай ішінде жеткізілуі тиіс. Бұған барлық медициналық ұйым дайын. Қазір қала бойынша 35 емхана жұмыс істеп тұр. Бұған тағы 15 медициналық мекеме қосылады. Сондай-ақ сауда үйлері мен базарларды қосқанда 250-ге жуық екпе кабинеттері әзірленуде. Жыл соңына дейін 900 мыңға адамға вакцина салу жоспарланып отыр.


Хабарламаларға жазылу