Алматылық 19 жасар бойжеткеннің туыстары оны өлтірген адамға қатаң жаза тағайындалуын талап етті. Тіпті марқұмның денесі Аяжан Еділоваға тиесілі екеніне де сенбейді. Себебі, күдікті марқұмның денесін адам танымастай етіп бөлшектеп тастаған. Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсарын Қуан Нұрақын жалғастырады.
Аяжан Еділова сән академиясында оқыған. Оның авторлық туындыларын сататын интернет-дүкені де болыпты. 19 наурыз күні жұмыстан жатақханаға қайтпаған қыздың денесі келесі күні тұрғын үйлердің бірінен табылды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Марқұм қыздың бөлшектелген денесі осы пәтерден табылған. Полиция қызметкерлері күдікті есікті ашпаған соң бұзып кірген. Қазір тергеу амалдарына байланысты есік мөрленіп, жабық тұр.
Полицияның дерегінше күдікті Түркістан облысының тумасы. 93 жылғы азамат, бұрын сотталмаған. Қолға түсер алдында өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Пәтерден қыздың кейбір дене мүшелері ғана табылды.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Қылмыстың іздерін жасыру мақсатында оның денесін бөлшектейді. Аса қатыгездікпен,жауыздықпен жасалған қылмыс. Денесінің кейбір мүшелерін сол 19-нан 20-на қараған түні қаланың шет-шеттеріне лақтырып үлгереді. Қоқыс бактарына.
Марқұмның туыстары күдікті із жасыру үшін денені бөлшектеді дегенге сенбейді. Айтуларынша, күдіктінің медициналық білімі бар. Сол себепті адам ағзасын сатпақ болуы мүмкін. Тіпті табылған мәйіттің Аяжандікі екеніне де күмәнмен қарап отыр.
Алмат Мүліков, марқұмның ағасы:
Біз пәтерден табылған мәйіттің Аяжан екеніне сенімді емеспіз. Себебі, әкесін, не бауырын сараптамаға шақырмады. Полиция тек ауызша ғана айтып отыр. Тіпті тісіне дейін бір-бір талдап бөліп, орап тастаған.
Қыздың бейтаныс адаммен кездесуіне қатысты долбар көп. Солардың бірі интернет-дүкен арқылы танысып, күдікті жұмыс барысымен кездесуге шақырған болуы мүмкін. Бұл іске енді қоғамдық қор өкілдері де араласты.
Дина Таңсәрі, «Немолчи» қорының негізін қалаушы:
Бұл әккі қылмыскердің ғана қолынан келетін іс. Бәрі алдын-ала ұйымдастырылған. Қолын, терісін, тісін неге бөліп тастаған? Бұл істі шетелдік мамандарды шақырып, тыңғылықты зерттеуді талап етеміз. Өйткені бұл күдіктінің алғашқы құрбаны болмауы мүмкін.
Қуан Нұрақын, тілші:
Он тоғыз жастағы Аяжанның не себепті жауыздықпен өлтірілгені әзірге белгісіз. Нақты жауап тергеу амалдарынан кейін белгілі болмақ. Марқұмның туыстары күдікті жазадан құтылып кете ма деп алаңдап отыр. Сондықтан бұл іске Президенттің араласып, өз бақылауына алуын сұрайды.
Қуан Нұрақын