Жамбыл облысында үш ірі өзеннің тасу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында үш ірі өзеннің тасу қаупі бар

26.03.2021

Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны қатері күшейген. Көктемгі жауын-шашынның көп түсуіне байланысты тоғандар толып, елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Қазір өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейіп, су арналары тазартылып жатыр. 

Бұл - Батыс Қазақстан облысы орталығынан 500 шақырым шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданының жолы. Еріген қар суы грейдерді жырып кеткен. Қазір жолдың бұл бөлігі жабылып, айналма жол ашылды. Күн күрт жылынып, өзге де аудан-ауыл ішілік жолдарды су шайып жатыр. Көліктер көшеде қайықша жүзіп жүр.

Ал, Жамбыл облысында үш ірі өзенде су тасу қаупі бар. Қазір өңірде апаттың алдын алу шаралары қолға алынып, мыңнан астам гидроқондырғылар тексерілген. Сондай-ақ, 500-дей көпір мен мың шақырымнан астам дренаждар тазартылды. Мамандардың мәліметінше, қазір ірі су қоймалары 70 пайызға дейін толған. Бұдан аса қауіп жоқ. Әйтсе де көктемгі жауын-шашын кезінде су деңгейі бірден көтеріліп кетуі ғажап емес.

Талғат Айтбаев ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы: 
Ірі су қоймаларында су толуы мүмкін деген бізде талдау бар.Қазір бәрі жоспарланып, жұмыс атқарылуда.

 Ал, Ақмола облысындағы өзендерде мұз жару жұмыстары қолға алынды. Бұл еріген қар суының кедергісіз ағып өтуіне жол ашады. Бірінші болып Көкшетауды көктей өтетін Қылшақты өзенінің Қопа көліне құятын жерінде мұз жарылды. Мұндай шаралар Есіл, Нұра, Жабай, Қалқұтан өзендерінде де жүргізілмек. Жалпы өңірде енді 31 елді мекенге суда қалу қаупі төніп тұр.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу