Коронавирустың жаңа штамына ұқсас вирус түрі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың жаңа штамына ұқсас вирус түрі анықталды

19.03.2021

Алматыда коронавирустың мутацияланған түрін жұқтыруы дерегі анықталды. Науқас вирустың ұлыбританиялық, оңтүстік африкалық немесе бразилиялық штамын жұқтыруы мүмкін. Алматылық мамандар зерттеу нәтижесінде осындай болжам жасады. Елімізде коронавирустың өзге де штамдарын анықтайтын экспресс-тест мүмкіндігі бар. Ол сараптаманың қортындысы 1 ай ішінде белгілі болады. Вирустың өзгерген бұл түрінің қауіптілігі сол, өте тез тарайды. Симптомдары ұқсас. Жеңіл түрін жұқтырғанмен, ауру тез асқынады. Ішкі органдарға әсер етеді. Әсіресе, созылмалы ауру бар адамдарға аса қауіпті. Кей елдерде осы вирустың салдарынан өлім-жітім көбейген. Денсаулық сақтау министрі осындай қатердің алдын алу үшін сәуір айында шамамен миллионға жуық қазақстандыққа екпе салынатынын айтты. Өйткені екпе вирустан сақтанудың жалғыз жолы дейді министр. Елде осыған дейін вакцинадан кейінгі асқыну деректері байқалмаған. Қазір 145 мың, ай соңына дейін 150 мың доза екпе жеткізілмек. Бүгінге дейін 100 мыңнан аса адамға екпе егілді.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
Вакцинадан қорқудың қажеттілігі жоқ. Бүгінгі күні коронавирус жұқпасының алдын алудың ең тиімді шарасы вакцинация болып табылады. Сондықтан вакцинациямен қатар, қолды жуып жүруді, маска киюді ұмытпағанымыз жөн. 
Айтолқын Жаңабаева, жалпы тәжірибелік дәрігер:   
Туғанымыздан бастап вакцина алып өстік. Бізден кейін де балаларымызда алып жатыр. Сондықтан вакцина алудан халық қорықпасын.  

Раушан Сайлауқызы 

Хабарламаларға жазылу