Шығыс Қазақстанда 85 оқушы мектеп асханасындағы тамақтан уланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 85 оқушы мектеп асханасындағы тамақтан уланып қалды

19.03.2021

Шығыс Қазақстанда мектеп асханасындағы тамақтан уланып қалған оқушылар саны 85-ке жетті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ең бірінші болып Ұлан ауданының Бозанбай орта мектебінің интернатында тұратын екі оқушы дәрігер шақыртқан. Олардың дене қызуы көтеріліп, құсып, іштері өткен. Кейін дәл осындай ауру белгілері осы ауылдағы басқа балалардан да анықталған. Бүгін ауырғандардың жалпы саны 85-ке жетті. 36 оқушы Өскемендегі ауруханада, ал қалғандары үйде ем алып жатыр. Бозанбай ауылындағы мектепте 272 оқушы бар. Оларды тамақтандыруға мектеп асханасын жалға алып отырған жеке кәсіпкер жауапты. Балалардың астан улануына байланысты аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады. Бақылауды әлсіреткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорына қатаң сөгіс берілді.  

Айдын Нұртазаұлы, Облыстық ана мен бала орталығының эпидемиолог дәрігері:
Инфекция бөлімшесінде 36 науқас ем қалдауда. Барлық науқастың жағдайы қалыпты. Бүгінгі күні түскен науқастарға энтеровирусты инфекция немес ішек инфекциясын жұқтырған деген болжам қойылған. Бактерологиялық зертханаға сынамалар алынды. Нәтижесі 2-3 күнде дайын болады. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша нақты диагноз қойылады.


Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу