Қызылорда облысы, Шиелі ауданында екі жасөспірім судан ажал құшты. Үйінің жанындағы көлге барған балалар ойнап жүріп, мұз астында қалған.
Қайғылы жағдай кеше түскі уақытта болды. Суға батқан сегіз және алты жастағы ұл және қыз бала екені анықталды. Оқушылардың мүрдесін ауыл адамдары өз күштерімен шығарып алған. Қапияда екі бірдей баласынан айрылған отбасы қайғыдан қан жұтып, қара жамылды. Оқиғаның мән-жайын тексерген мамандар жасөспірімдердің ажалына көл бетіндегі мұздың жұқаруы себеп болған дейді.
Ал ақпан айының 21-нде Сырдария өзенінде суға кеткен байқоңырлық оқушының денесі өкінішке орай әлі табылмады. Үздіксіз іздестіру жұмыстары 25 күнге созылды. Оған әуеден тікұшақ, басқа да техника мен құтқару жасағының мамандары жұмылдырылды. Сүңгуірлер дарияның біраз аумағын сүзіп шыққанымен әзірге нәтиже болмай тұр. Құтқарушылар бұл аумақта мұздың қалың болуы іздеу барысына кедергісін тигізуде дейді.
Әділбек Серікұлы