Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданы осымен 6-шы күн қараңғылық құшағында. 35 елді мекен майшаммен күнелтіп, байланыссыз отыр. Ал Кентаудағы тұрғын үйлерге әлі күнге дейін толықтай жылу берілмеген. Ордабасы мен Отырар аудандарындағы кей ауылдарда жарық жоқ.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Боран соққан күні Бәйдібек ауданындағы 52 елді мекеннің 46-сында жарық сөніп қалған болатын. Аудандағы мынадай екі мыңға тарта үлкенді – кішілі электр бағаналары құлады. Алайда содан бері алты күн өтсе де 35 елді мекен әлі күнге жарықсыз отыр.
Табиғаттың тосын мінезінен әсіресе Шақпақ ауылы қатты зардап шекті. Мұнда 20-дан аса электр бағаны құлап, сымдар көше бойы үзіліп жатыр. Қараңғылық құшағында қалған ауылдың ауыз суы да жарыққа тәуелді.
Берік Ерімбетов, Шақпақ ауылының тұрғыны:
Әлі айлап болмайды деп жатыр. Бұл деген масқара ғой.
Шынбол Тәжікұлы, Шақпақ ауылының тұрғыны:
Не телефон істемейді. Бір кісі ауырып қалса мысалыбұл жерге не жедел жәрдем келмейді.
Бәрінен де қашықтан оқып жатқан оқушылар мен студенттерге қиын соғып тұр. Жарық болмаған соң сабақ жайына қалған. Ал, кейбір ата-ана үзілген сымдардан қауетерленіп баласын мектепке жібермей қойған.
Дәметкен Әбілдаева, Шақпақ ауылының тұрғыны:
Көшедегі светтің барлығы салбырап кеткен сымның барлығы. Басына мұз түсіп кете ма деп қорқып, осы бүгін төрт күн болды сабаққа жібермегеніме. Апайымен хабарласып жатқан жоқпын, байланыс жоқ хабарласатын ауылда.
Сымдарды жалғап, ауылға жарық беру үшін көршілес аудандардан көмек жұмылдырылған. Жергілікті билік өкілдері 6 күн ішінде 46 елді мекеннің 17-не жарық берілгенін айтады. Ал, қалған 35 ауылдың мәселесін шешуге маман тапшы, дейді.
Бағдатбек Жанғазиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:
Облыстан келген бір бригада. Одан кейін үш ауданнан келген үш бригаданың барлығы оның бәрі елді мекеннің көптігіне байланысты. Біздің ауданның өзінде 2000-ға жуық бағаналардың жұмыстары бар әлі. Сондықтан бұған электрик мамандарының жетіспеушілігі көрініп жатыр.
Қазір аудандағы аурухана мен мектептер генератормен күнелтуде. Кәсіпкерлер мен шамасы жеткендер жарық беретін арнайы құрылғылар сатып алған. Оның бағасы да екі есе қымбаттап кеткен.
Айнұр Ақбаева