Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан

18.03.2021

Алматы облысы Қарасай ауданында жедел жәрдем қызметкерін пациенттің жақыны соққыға жыққан. Райымбек ауылына шақыртумен барған фельдшер науқастың жағдайы ауыр болған соң ауруханаға алып кетпек болған. Әйел адамның сұрауымен оның күйеуі де көлікке бірге мініпті. Алайда, ащы суға сылқия тойған азамат жол бойы жанжал шығарып, фельдшерге қол жұмсаған.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Науқастың жұбайы жедел жәрдем көлігіне ащы суды тығып алып, кіріп, оны жол бойы ішпекші болған. Фельдшер оған бірнеше рет ескерткенімен, ер адам оны елемепті. Артынша ол әйелімен жанжалдасып, ашуға булыққан. Осының бәріне фельдшерді кінәлап, дәл осы жедел жәрдем көлігінде оны аяусыз соққыға жыққан.

Болар іс болып, бояуы сіңген соң ерлі-зайыпты қызметкерге «Сенің кесіріңнен түрмеге отыратын болдық» деп сес көрсетіпті. Жас маман төбелестен ауыр соққы алып, оң қолы сынған.

Ислам Қуандықов, облыстық жедел көмек көрсету станциясының фельдшері, жәбірленуші:
Мен бетімді жауып үлгердім. Оның қолы менің қолыма тиіп, ісінді ғой.

Жәбірленуші аудандық ауруханаға бір жарым ай бұрын қызметке орналасқан. Алған жарақатына байланысты енді 30 күнге жұмыстан шеттетілді. Жалпы бұл аудандағы алғашқы жағдай емес екен.

Айдос Арыслан, облыстық жедел көмек көрсету станциясының фельдшері:
Біздің Қарасай ауданында үшінші жағдай. Жедел жәрдемнің терезесін шақты. Екіншісі қабылдау бөлімінің алдында ішіп алған, жәдел жәрдем машинасын келіп теуіп кеткен жағдайлар болды. Заңға бағынбайтындар көп.

Жедел жәрдем қызметкері оқиғадан кейін бірден полицияға арыз жазған. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Райымбек ауылының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.

Ақбота Әзірбек, облыстық ПД ресми өкілі:
Күдікті қазіргі кезде анықталды және сұралды. Медициналық сараптама оның орта дәрежедегі масаң күйде болғанын көрсетті.

Дәрігерлерге қол жұмсап, күш көрсеткендер жалпыға ортақ заң бойынша жазаланады. Яғни, медицина қызметкерлеріне қатысты арнайы ереже жоқ.

Тілеужан Кішкенебаев, заңгер:
Жалпылама адамдарға қатысты қарастырылған заң. Бізде жеткілікті заңымыз бар. Орта дәрежедегі жарақат келтіретін болса, екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Десе де, жедел жәрдем қызметкерлеріне күш көрсету тыйылар емес. Жуырда Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны фельдшерлерді пышақпен қуалаған. Абырой болғанда, олар көлікке тығылып, аман қалды. Жаға ұстатар мұндай жағдай Алматы облысында соңғы алты айда осымен алтыншы рет тіркеліп отыр.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу