Қазақстандықтар жалақыларының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар жалақыларының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды

18.03.2021

Қазақстандықтар жалақыларының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды. Мәжіліс депутаттары осылай деп дабыл қақты. Айтуларынша бұл әлемдегі ең нашар көрсеткіштердің бірі. Табыс пен таршылықтың, айлықтың тең жартысын ас-ауқатқа жұмсаудың себебі неде? Тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы мәселені зерделеп көрді. 

Ұлттық статистика жылына 4 рет жұрттың табысын қайда жұмсайтынын зерттейді. Ол үшін әр өңірден 12 мың үй шаруашылығының шығыны есепке алынады. Соған сәйкес 2015 жылы тұрғындар табысының 44,7 пайызын азық-түлікке жұмсаса, былтыр бұл көрсеткіш 53,9 пайызға жеткен.

Дана Мәлікова, Ұлттық статистика бюросы еңбек жəне тұрмыс денгейі статистикасы департаментінің сарапшысы: 
 Отбасылардың азық-түлікке жұмсалған шығыстарының неғұрлым көп бөлігі ет өнімдеріне, нан өнімдеріне және жарма өнімдеріне сияқты тамақ өнімдері топтарына келеді.

Айлықтың шайлыққа жетпеуіне бағаның бассыз кетуі себеп.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі дамыған елде бұл өте нашар көрсеткіш. Соңғы 2 жыл бойы біз Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында азық-түлік бағасының қымбаттауы бойынша бірінші орындамыз. Биыл қаңтар айындағы бағаларды бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 11,4 пайызға өскенін көріп отырмыз. Тауардың кей түрі 25-30 пайызға дейін қымбаттаған.

 Ал дамыған елдерде бәрі керісінше. Мәселен Люксембург тұрғындары табысының 8,4 пайызын ғана тамаққа жұмсайды. Ұлыбритания 10, Германия 12, Түркия 20, ал, ресейліктер жалақының 30 пайызына азық-түлік сатып алады.

Тамаққа кеткен ақшаны есептеу дұрыс емес. Бұл тағамтанушылардың пікірі. Ат үсті ас ішу табыстан бұрын алдымен денсаулыққа зиян.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
Ұрпақ аман өссін десе, денсаулығы жақсы болсын десе тағамға бірінші бетте көңіл бөлу керек. Табыстың орта есеппен алған адамдарға 60 пайыздан кем емесі тамаққа кетсе ол отбасыда баланың өсіп жетілуі, денсаулығы жақсы болуы осы тағамға байланысты.

Мәселе – дұрыс тамақтануда емес. Айлықтың аздығы мен бағаның құбылуы – басты факт.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші: 
Депутаттар, осы проблемаларды шұғыл шешуді сұрап отыр. Ол үшін импортты ысырып, отандық өнімге басымдық берілуі тиіс. Әйтпесе, айлықтың жартысын емес, түгел тамаққа жұмсауымыз әбден мүмкін.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу