Байден Путинге ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байден Путинге ескерту жасады

18.03.2021

АҚШ президенті Джо Байден ресейлік әріптесі Владимир Путинді «адам өлтіруші» деп атап, Америкадағы сайлауға араласқаны үшін ақы төлейтінін ескертті. Мұның қандай ақы екенін таяуда білесіздер дейді Ақ үй басшысы. Бұл мәлімдемені ол ABC News телеарнасының тілшісі Джордж Стэфанопулосқа берген сұқбатында жасады. 

Болжамдарға қарағанда, Байден жаңа санкцияны меңзеп отыр. Ол шектеулер бүгін өз күшіне енеді. Кеңейтілген сауда санкциясына сәйкес, Вашингтон Ресейдің қару-жарақ экспорты мен импортына тыйым салып, химиялық қару жасауға қажетті америкалық технологияны сатып алуына тосқауыл қоймақ. 

Байденнің сұқбатынан кейін Кремль АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антоновты Ресей-АҚШ қатынастарын сараптау үшін кері шақырды. Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Мәскеу Құрама Штаттармен арадағы қатынастардың құлдырауына мүдделі емес.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу