Пандемия кезінде Оңтүстік Азияда 239 мыңдай ана мен бала көз жұмған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемия кезінде Оңтүстік Азияда 239 мыңдай ана мен бала көз жұмған

17.03.2021

Пандемия кезінде медициналық қызметтің дер кезінде көрсетілмеуінен Оңтүстік Азияда 239 мыңдай ана мен бала көз жұмған. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы хабарлады. Басты күш «ковидпен» күреске жұмсалса да, инфекцияның таралуы азаяр емес.

Бразилияда коронавирустан бір тәулікте 2841 адам қайтыс болып, антирекорд жаңарды. Осылайша елде індет құрбандарының саны 282 мыңнан асты. Мұнда карантин талаптары жіті бақыланбайды. Сондықтан халық биліктің инфекциямен күресудегі жұмысына наразы. Айта кетсек, елде пандемия басталғалы денсаулық сақтау министрі төртінші рет ауысты.

Украинада «ковид» өткен күні 10 мыңға жуық адамнан анықталды. Инфекция елдің батыс аймақтарында өршіп тұр. Киев те «қызыл» аймаққа енуге жақын. Жалпы елде дертке шалдыққандар саны 1,5 миллионнан асты.

Ал Сербия бүгін карантин талаптарын күшейтті. Азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен жанармай бекеттерінен басқа барлық жұмыс орындары жабылды. Оған тәуліктік науқастар санының 5 мыңнан асуы себеп.

Жансая Қапасқызы


Хабарламаларға жазылу