Мемлекеттік сатып алудың жаңа тәртібі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алудың жаңа тәртібі енгізіледі

17.03.2021

Ұлттық холдингтер мен компанияларда сатып алудың жаңа тәртібі енгізіледі. Бүгін Мәжіліс отырысында «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат бірінші оқылымда мақұлданды. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Президент Жолдауына сәйкес қаржы министрлігі аталған заң жобасын әзірледі. Өйткені, қазір квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативтік құқықтық актілермен реттеліп келеді. Яғни, бірізділік жоқ. Ал бұл құжат 250-ден аса ұлттық компанияны олардың еншілес ұйымдарымен бірге қамтитын болады. Процестердің барлығы енді «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның аясында жүргізу ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, қазір бір көзден алу тәсілімен жүргізілетін мемлекеттік сатып алулардың үлесі басым. Мәселен, «ҚазАгро» холдингі 3 жыл қатарынан мемлекеттік сатып алу процестерінің 98 пайызын бір көзден алу тәсілі арқылы жүргізген. Қазақ туризм ұлттық компаниясы сатып алулардың түгелін бір көзден алған. Демек, бәсекелестік аз. Депутаттар осы мәселені реттеуді талап етті. Сонымен қатар, заң жобасында тауарды 30 күннің ішінде жеткізу міндеттелген де, ал оның ақшасын төлейтін тараптың уақыты белгіленбей кеткен. Демек, жеткізуші мен тапсырыс берушінің арасында теңсіздік бар. Бұл мәселені де ескеріп, түзету тапсырылды. Осылайша, енді ұлттық холдингтер мен компанияларда сатып алудың жаңа тәртібі енгізілмек. Бүгін жоба 1-ші оқылымда мақұлданды. 
Мәжіліс заң

Хабарламаларға жазылу