Шығыс Қазақстанда «Тұрғысын» гидро-электр станциясының құрылысына қатысқан адамдар еңбекақысын толық ала алмай жүр. Жалпы, жалақы қарызына қатысты дау осыған дейін де бірнеше мәрте көтерілген. Соңғы рет өткен жылдың қараша айында 161 адамның жарты жылдан бері жалақысы төленбегенін жеткізген болатынбыз. Көп ұзамай ГЭС-ті салуға тапсырыс берген құрылтайшылар жұмысшылардың айлығын бердік деп мәлімдеді. Алайда әлі күңге дейін ондаған адам табан ақы, маңдай термен тапқан табысын толық алмаған.Құрылысқа жауапты компаниямен бірге қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер де ақшасыз қалған.
Сергей Гильеров, кәсіпкер:
Бүгінде бізге 7 миллион 201 мың теңге қарыз, бірақ әлі төлеген жоқ. Өте қиын жағдайға түсіп қалдық, себебі ақша жоқ. Жұмысшылар алдындағы берешектен құтылу үшін компанияны жаптық, техниканы саттық.
«Тұрғысын» гидро-электр станциясының құрылысы 6 жыл бұрын басталған. Алтай ауданындағы еңбек инспекторының мәліметінше, бүгінде еңбекақы берешегі 8 миллион теңгеден асады. Соңғы бір-екі жылдан бері мердігер 150 адамның атына зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді аудармаған.
Нұрсұлтан Слямов, Алтай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:
Зейнетақы қорына 18 миллион 200 мың теңге қарыз, әлеуметтік аударымдар бойынша 920 мың қарыз. Медициналық аударымдар бойынша 3 миллион 400 мың теңге қарыз. Соған байланысты, банктік шоттарында шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық тапсырыс берілді. Әр салымшының ЖСН бар тізім банкке жіберілді. Енді қазір күнде шоттарында ақша болмай тұр, түскен жағдайда, басқа ешқайда жіберілмей, сол сомалар жабылады.
Берік Көшербай