Алексей Цой коронавирусқа қатысты болжамын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Цой коронавирусқа қатысты болжамын айтты

16.03.2021

Cәуірде күніне 500-дей адамның коронавирус жұқтыруы дерегі тіркелуі мүмкін. Елдің бас дәрігері Алексей Цой осындай болжамын айтты. Қазақстандағы жалпы эпидахуал жайлы Денсаулық сақтау министрі бүгін Үкіметте баяндады. Толығырақ тікелей байланысқа шыққан тілшіміз тарқатсын.

Коронавирус жұқтыру дерегі өткен айларға қарағанда ақпан, наурызда азайған. Сол үшін оқушылардың біразы мектепке қайта оралған еді. Десе де балалар арасында жұқтыру дерегі тіркеліп жатыр. «Бірақ ауырғандар оқушылардың жалпы санының 0,2 пайызынан аспайды», дейді министр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
3200-ден астам білім ордасында тексеріс жүргізілді. 282 мектепте санитарлық ережелерді бұзу фактілері тіркелді. Ұл-қыздардың денсаулығы үшін талаптарды қатаң сақтаған жөн. Әкімдіктер де осыны қатаң бақылауы тиіс.

Қазір әлемнің 14 елімен әуе қатынысы қайта жанданған. Аптасына 95 рейс жасалады. Қазаннан бері елімізге шетелден миллионнан астам адам келген. Бірақ, COVID-тің ұлыбританиялық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық штаммы тіркелмеген.

Тағы бір айта кетерлігі, елде тұмау екі жарым еседей азайған. Ал оба, халера, сібір жарасы секілді аурулар мүлдем тіркелмепті. Оған сақтық шараларының күшейюі себеп дейді мнистр. Ал коронавирустан жаппай вакцинациялау жалғасады. Әзірге 76 мыңнан астам адамға екпе салынды. Осы айдың соңында елге тағы 180 мыңнан астам вакцина дозасы жеткізілмек. Сөйтіп, сәуірден бастап екпе созылмалы сырқаты бар және жасы 65-тен асқан қарияларға егілмек.

Сондай-ақ министр коронавирусқа қатысты оптимистік және пессимистік болжамдарымен бөлісті. Айтуынша сәуірде 500-ден 1700 адамға дейін тәулігіне індет жұқтыруы ықтимал.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу