2023 жылдан бастап мектептерге латын графикасы енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 жылдан бастап мектептерге латын графикасы енгізіледі

15.03.2021

2023 жылдан бастап мектептерге латын графикасы енгізіледі. Әрі білім ордалары 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында айтылды. Жиында қамтылған өзге де мәселелер жайлы әріптесім Раушан Сайлауқызы айтып беруге дайын.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

12 жылдық білім беруге көшу мен латын графикасының енгізілуіне байланысты білім саласының алдында ауқымды істер тұр. Ең әуелі оқулықтар жаңарады. Кітаптардың мазмұны мен құрылымына қатысты бірыңғай талаптар бекітілмек. Сондай-ақ, келер жылдан бастап жас мамандарды жұмысқа қабылдау үшін диплом жеткіліксіз. Яғни ол біліктілігін тағы бір дәлелдеп сынақ тапсыруы тиіс. Мектеп директорлары мен орынбасарларын аттестациялау жалғасады. Білім сапасын жақсарта отырып, ұстаздардың жалақысын 2024 жылға қарай тағы арттыру көзделген. Министр колледж, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен кітапханашылардың да айлығын көтеру қарастырылып жатқанын айтты. Орта білім беру жүйесінің негізгі проблемаларының бірі - қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы. Осы мәселені шешудің бір тәсілі - ауылдағы мектеп оқулықтарын жаңарту. Дарынды балаларды анықтау мақсатында «Мың бала» жобасын іске асыру жалғасады. Сондай-ақ министр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде мектептерді бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін айтты. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу