Шекарадағы Бағыс ауылы тозып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекарадағы Бағыс ауылы тозып барады

12.03.2021

Қазақ-өзбек шекарасының өтінде отырған Бағыс ауылы әлі күнге әлеуметтік мұқтаждықтардан көз аша алмай келеді. Елді мекендегі мектеп ғимараты апатты жағдайда. Ал берітінде салынған кішігірім білім ұясына бала сыймайды. Сондай-ақ мұндағы жұрт осыдан бірнеше жыл бұрын тартылған табиғи газ желісінің де игілігін көре алмай отыр.

Соғыстан кейін салынған бұл ғимартта 74 жылдан бері қоңырау үні үзілмей келе жатыр. Қабырғалары қақырап кеткен бөлмеде информатика, едені сықырлаған сыныпта алғашқы әскери дайындық сабағы өтеді. Ал қабырғасының іргесі мүжілген кабинет медбикенікі. Оқушылардың дені қазір бертінде салынған тар ғимартта білім алуда. Мұнда бар болғаны 6 кабинет қана бар. Ал мектептегі сыныптар саны биыл 19-ға жетті.

Бақтияр Байбосынов, мектеп директоры:
Сыныптарды көбейтуге дәл қазір бұдан артық мүмкіндігім жоқ. Ертең штаттық режим қолға алынса қалған сыныптарды қайда оқыту қиындық тудырып тұр. Ондай болса үш ауысымға да сыйдыру қиын болады.

Тұрғындардың жаңа мектептің қажет екенін айтқалы бірнеше жыл болды. Ауыл ішінен әрең дегенде жаңа ғимарат салуға жер телімі табылды. Енді қазынадан қашан қаржы бөлінетінін күтіп жүр.

Жақып Өтегенов, Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы:
Барлық құжаты дайын. Жер телімі бөлінген. Жобалау құжаттары дайын. Тек облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе болды.

Бағыстықтардың шешілмеген мәселесі мектеп қана емес. Осыдан төрт жыл бұрын ауылға газ құбыры тартылды, бірақ жұрт сол баяғы отын жарып, күл шығарудың машақатынан құтылмады. Көшелерді бойлай жүргізілген сары түсті құбырлар үйге жылу емес ауылға тек сәулет беріп тұр.

Қазынаның қыруар қаржысына тартылған желі магистральді құбырға жалғанбаған. Өйткені көршілес Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылындағы газ тарату қондырығысының құрылысы әлі аяқталмады.

Бақтияр Байтуұлы, ауыл әкімінің орынбасары:
 Бұл жерден АГРС-ке дейін труба тартылып қойған. Сол АГРС-тің бітуіне қарап отырмыз. Биыл, келер жылы бітетін шығар.

Шекараның шебі Бағысқа бақ болмады. Жері мен халқы басы бүтін бір аймаққа қарамағандықтан мұндағы жұрттың түйіні тарқамаған мәселесі көп.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу