Маңғыстауда Қошқар ата улы қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл жолы 4 мың 200 гектар аумақ залалсыздандырылады. Нәтижесінде экологиялық ахуал едәуір жақсарады деген болжам бар. Жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 15,5 млрд теңге қарастырылып отыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Маңғыстаудың басты экологиялық проблемасы-Қошқар ата қалдық қоймасы, оны улы көл деп те атайды. Мұнда белсендігі жоғары радиоактивтік қалдықтар жиналған. Ал осы қауіпті жер Ақтаудан 3-4 шақырымда, Мұнайлы ауданының аумағында орналасқан. Айналасында 400 мыңға жуық халық тұрады.
Залалсыздандыру жұмыстарына 90 адам жұмылдырылған. Қойманы тазартуды қолға алған компания 4 мың 200 гектар аумақты қалпына келтірмек.
Қуандық Оразғалиев, мердігер компанияның өкілі:
40 квадрат километр жерде жұмыс жасаймыз. Ол жерде біз 30 см қалыңдықта жерге топырақ көму жұмыстарын жасаймыз. Жоба мерзімі 45 айға есептелген. Бізге қолдау көмектер болып жатса, біз ерте бітіруге дайынбыз.
Қошқар ата қалдықтар қоймасының дүниежүзінде теңдесі жоқ. Аумағы -77 шаршы шақырым. Мұнда 5 алпауыт зауыттың улы қалдықтары жатыр. Кезінде қойманың бетін сумен жауып ұстады. Кейін ол кеуіп,радиация қоршаған ортаға зиянын тигізе бастады. 2009 жылы радиация деңгейі жоғары 65 га аумаққа бетон жабындысы төселді.
Дүйсен Құсбеков, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Құрғаған жерлерді 30 см қалыңдықта топырақпен жауып шығу. Бұл қандай эффект береді? Бұл енді жаңағы елді мекеннің экологиялық жағдайды жақсартуға өте жақсы пайда болады.
Негізі залалсыздандыру жұмыстары былтыр жасалуы тиіс болатын. Сол үшін республикалық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Бірақ, конкурсқа қатысқан компаниялар бір-бірімен соттасып, жұмыс тоқтап қалды. Қаражат кері қайтарылды. Ендігі мердігер жұмысты аяғына дейін жеткізуді көздеп отыр, қол күші жетпесе жұмыспен қамту орталығы арқылы тағы 50 адамды жұмысқа қабылдамақ.
Аягөз Оралбайқызы