Шоқтас елді мекенінің тұрғындары әлі күнге батпақ кешіп, ауыз судың азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шоқтас елді мекенінің тұрғындары әлі күнге батпақ кешіп, ауыз судың азабын тартып келеді

11.03.2021

Өркениеттен өгейлік көрген ауыл. Түркістан облысындағы Шоқтас елді мекенінің тұрғындары әлі күнге батпақ кешіп, ауыз судың азабын тартып келеді. Жарыққа да жарыған емес. Жел тұрса болды, электр сымдары үзіліп, ауыл қараңғылық құшағында қалады. Қиындықтан қажыған тұрғындар ұлттық арнаға хабарласып, көмек сұрады.
150-ге тарта тұрғыны бар ауыл облыс орталығынан небәрі 60 шақырым жерде орналасқанымен,елді мекенге келетін жалғыз жолға тас та төселмеген. Сондықтан, қатынас қиын. Көлік үнемі лайға батып, жедел жәрдем жете алмайды.

Ауыл болашағы бар елді мекендер қатарына жатқызылғанымен, ешбір жағдай жасалмаған. Емхана да, балабақша да жоқ. Ұялы байланыс аясынан да тыс.
Айнұр Ақбаева тілші: 
Ауылдағы мына жалғыз бастауыш мектептің салынғанына бір ғасырға жуықтаған. Қазір мұнда екі елді мекеннің отыз шақты баласы оқиды. Екі ақ сынып бөлмесі бар ғимараттың бүгінде қабырғалары жарылып, құлауға шақ қалған. Себебі, білім ошағы осы күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Елді мекеннің өзге 100-ге тарта баласы Кентау мен Ащысайда жатып оқуға мәжбүр.
Тұрғындар тек жарықты ғана пайдаланады. Оның өзінде электр желілері ескіріп, тозығы жеткен. Ауыз суы да көрші ауылға тәуелді.
Гауһар Нұрмұратова Шоқтас ауылының тұрғыны: 
Шамалы жел болса, жаңбыр болса свет өшіп қалады.  Байланыс деген жоқ.Оны ұстау үшін дачаға барып, сол жерден сөйлеседі.
Шоқтастықтардың айтуынша,мәселенің бәрін шешуге болады. Тек ауылды 100 метр жерде тиіп тұрған Кентауға қарасты Саяжай елді мекеніне қосу керек. Бірақ жергілікті билік Шоқтасты 60 шақырымдағы Сауран ауданы қарамағына өткізбек.
Айдос Байжанов Шаға ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы: 
Әрбір құжат, әрбір жасалатын жұмысқа өздерінің бір уақыт процестері бар. Сол процестеріне сәйкес, шамалы тоқтау болып жатыр. Оның бірі сол Сауран ауданының құрылып жатқанынан кейін тоқтап жатыр. Осындай себептері бар.
Яғни, елді мекенге су құбыры жуық арада тартыла қоймайды. Ал, жол салып, электр желілерін жаңартуға қажетті қаражат қарастырылмаған. Ұялы байланыс орнату үшін де операторлармен келіссөз жүргізілмеген. Демек, шоқтастықтарға өркениет игілігін көру әзірге мүмкін болмай тұр.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу