Көктемгі дала жұмыстарына дизель отыны жеңілдікпен беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктемгі дала жұмыстарына дизель отыны жеңілдікпен беріледі

11.03.2021

Сұйылтылған газ бағасы еркін нарыққа шыққалы бензин құны да қымбаттап шыға келгені белгілі. Ал бүгін Энергетика министрлігі көктемгі дала жұмыстарына дизель отыны жеңілдікпен берілетінін мәлімдеді. Дегенмен, Маңғыстау өңірінде сұйытылған мұнай газының бағасы қымбаттап барады. Жанар-жағар май нарығындағы соңғы өзгерістер сөз болған жиында осы мәселе де айтылды.

Ақтауда сұйытылған мұнай газының бағасы арзандамай тұр. Көлік отыны наурыздың басында 50 теңгеден 65-ке бір ақ көтерілді. Тіпті кей бекеттерде литрі 70 теңгеден сатылуда. Жергілікті атқамінерлер газға бекітілген шекті бағаның мерзімі аяқталды деп отыр.

Арман Азанов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Бағаның өсуіне шешімі табылса екен дейміз. Төмендетуді сұраймыз қайткенде де. Себебі, қазір бензин де қымбат, дизель бензиннен қымбат.

Жауапты министрлік өкілдері қазір бұл бағытта тиісті шаралардың қолға алынғанын айтады. Жақында аймақта осыған қатысты ауқымды жиын өткен. Қазір арнайы сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

Қуаныш Сәрсекеев, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:
Бизнес өкілдері бағаны тұрақтандыруды қолдап отыр. Кездесу барысында бірқатар меморандумға қол қойылды. Облыс аудандары мен елді мекендерді сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бойынша нақты келісім жасалды. Қазір әкімшілік жағдайды бақылап отыр.

Биыл көктемгі дала жұмыстарына 380 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен беріледі. Кестеге сай сұйық отын еліміздегі үш мұнай зауытынан бөлінеді. Тиеп-жөнелту жұмыстары тәулік сайын бақылауда болады.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Дизель отыны автожанар-жағар май құю станцияларымен салыстырғанда 13-14 пайыз, яғни 21-22 теңге литріне төмен болатынын жоспарлап отырмыз.  9 наурыздағы жағдай бойынша 11 мың тонна тиеліп, жөнелтілді. 

Ведомство өкілдері Қазақстанда бензин мен дизель отынының қажетті қоры бар деп отыр. Ал ақпанның соңына қарай жанармайдың қымбаттауына мұнайдың ішкі нарықтағы бағасы, салықтар мен акциздер, несие, тасымалдау сынды түрлі шығындар себеп. Сонымен қатар, сұраныс артып келеді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу