Осыдан тура бір жыл бұрын әлемде коронавирус пандемиясы жарияланды. 2 күннен кейін Қазақстанда індеттің алғашқы дерегі тіркеліп, ел аумағында төтенше жағдай енгізілді.
«Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады». Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев твиттерде осылай деп жазды. Әрі «төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген дертті еңсердік» деді.
2020 жыл. 11 наурыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы басталғанын жариялады. Өйткені, қатерлі вирус жұқтырғандар саны күн санап емес, сағат сайын өсті. Жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы адамзат өмірін күрт өзгертті. Бір жыл ішінде шектеу көбейді.
Әлемді әбігерге салған пандемия экономиканы тығырыққа тіреді. Алып компаниялардың жұмысы тоқтады. Мұнайдың бағасы құлдырады. Алыс-беріс, барыс-келіс үзілді. Бірақ, «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді». Сол шақта Үкімет тарапынан шұғыл шешімдер қабылданды. Әуелі жұмысы тоқтап, табыссыз қалғандарға біржолғы төлем берілді. 42 500 теңгеден.
Сапарбай Жобаев, экономист:Бұған Үкімет өзінің білгенінше жәрдем беруге тырысты. Мәселен, 5,9 трлн теңге жәрдем болды деп есептелді. 00.16. әлеуметтік төлемдер, айлықтарды көтеру үшін, кейін 42500 теңгелері бұл жаңағы 700 млрд теңгеге жақын көмек болды. Бұл мемлекеттің адамдарды қолдаудағы өте жұрыс шешім деп есептеймін.
Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да қаржы бөлінді. 2020 жылдың Сәуір-мамыр айларында 1 жарым млн-нан астам адамның коммуналдық төлемдері өтелді. Тұтқиылдан келген індетпен күреске бүкіл халық болып атсалысты. Біздегі экономиканың негізгі драйвері – шағын кәсіпкерлік. Соңғы 5 жыл ішінде үлесі 24-тен 32 пайызға артты. Қиын жағдайда алдымен осы салаға қолдау күшейді. Бірқатар шара қабылданып, 700-ден астам бизнес нысандары салық төлеуден босатылды. 18 мыңнан астам кәсіп иелерінің 222 млрд теңгедей несие төлемдері кейінге шегерілді. Жалға алушыларға да жеңілдік жасалды. Аса қатты зардап шеккен іскер ортаның банктегі несиелері жылына 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланды.
Рүстем Ізтілеуов, кәсіпкер:Пандемия кезінде «Даму» арқылы несие алдық. Өндірісті кеңейтуге байланысты. Соның өте үлкен көмегі тиіп жатыр. Жұмыс орындары ашылды. Жаңа қондырғылар алдық. Жұмыс жеңілдеді. Өндіріске үлкен көмек.
Төрткүл дүниеде ұлт саулығы сынға түскенде, ауыр салмақты дәрігерлер арқалады. Короновируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне жаңа әлеуметтік пакет бекіді. Вирусты жұқтыру қаупіне қарай үш топқа үстемақы төленді. Жалпы сомасы 116 млрд теңге. Ал індетті жұқтырған 9 мыңнан аса дәрігерге өтемақы берілді. Осылайша, пандемия тізе бүктіргенмен, құлатпады. Себебі, қолдау мен қорғау бағдарламасы уақытылы қабылданды деп отыр сарапшылар.
Асима Нұрбайқызы