Шымкент қаласында мәдени ескерткіштер тізіміне алынған ортағасырлық археологиялық орын бейберекет қазылып, жермен жексен етіп бұзылуда. Ұлы Жібек жолы бойындағы Исфиджаб пен Шымкенттің арасын жалғаған ежелгі қоныс орнының біраз жері тып-типыл болып тегістеліп кеткен. Өйткені трактор мен экскаваторлар төбешікті қопарып қазып, топырағын жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің құрылысына пайдаланған.
Ғани Қалмахан, тілші:Тарихи орынның тап іргесінен қазір «Тұран» деп аталатын «жаңа мөлтекаудан бой көтеріп келеді. Салынған көпқабатты үйлер мен тарихи орынның арасы қарға адым жер. Алыстан топырақ алуға шығындағысы келмеген құрылысшылар биік төбенің жартысын табанына дейін қырнап алып кеткен.
Мәдени мұраны қорғау мамандары бұл жәйтті кездейсоқ анықтаған. Тарихи орынның жай-күйін білуге келген олар ескерткіштің орнын сипап қалды.
Бақытжан Сабаев, Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі:Екі мың жылдық тарихты трактормен келіп қазу деген тарихымызға балта шабу, Болып жатқан дүние өте аянышты.
Тарихи ескерткіш аумағы 1 гектардай. Қазылған жерде қыштан жасалған ыдыстардың сынығы мен мал сүйектері шашылып жатыр. Осыған қарап мамандар қоныстың тарихы тым әріде Қаңлы мемлекеті кезіне тап келеді деп отыр.
Сейдалы Дүйсебайұлы, өлкетанушы:Әскери қақтығыстар заманында бұл жер бақылау бекеті қызметін атқарса, бейбіт замандарда сауда жолын қамтамасыз еткен керуен сарай қызметін атқаруы мүмкін.
Мәдениет басқармасы тарихи орынды қорғап қалуға асығар емес. Сақталуы тиіс мәдени ескерткіштер тізіміне әлдеқашан енген нысанды тағы зерделеп көрмек. Ол үшін қазынадан қайтадан қыруар қаржы бөлінеді.
Азамат Әмір, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:Археологиялық жұмыстар жүргізуге арналған лицензиясы бар мердігерлермен келісіп келесі аптада сол жерде тиісті жұмыстар атқарады. Олар өздерінің қорытындысын берген жағдайда ескерткішке реновациялық жұмыстар жүргізуді жоспарлаудамыз.
Жанашырлықтың жоқтығынан соңғы жылдары Шымкент біраз мәдени мұрасынан айырылды. Екі мың жылдық шаһардың маңындағы Қаратөбе қалашығы тұтас жойылып кетті. «Қайтпастағы» екі елді мекеннің, Жыланбұзғанның ізі де қалмады.
Ғани Қалмахан
