Теміртаудағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің 1,5 жасар сәбиді тұншықтырған оқиға көрген жанның жағасын ұстатқаны рас. Осы орайда зәбір көрген бұлдіршіннің ата-анасы балабақша қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық істің бабымен ата-анасы келіспейді. Олар «күдікті тәрбиешіге барынша қатаң жаза қолданылуы тиіс», дейді. Сондай-ақ, сұмдық жағдайды жайбарақат ұялы телефонына түсіріп тұрған екінші тәрбиешіні де, балабақша басшылығын да жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Құлындаған дауысы шығып шырылдаған Нананы көрпемен тұншықтырған тәрбиешінің ісі қоғамда кешелі бері қызу талқыланып, жұрттың наразылығын тудырды. Көпшілік те, баланың ата-анасы да барынша қатаң жазалансын деп отыр. Тәрбиешінің үстінен «қызметіне салғырт қарағаны үшін» деген бап бойынша ғана іс қозғалған.
Анна Баркалая, Нананың анасы:
- Егер бұл заң бабы бойынша істі қарап жазаласа, онда тәрбиеші тек айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа тартылады екен. Бірақ, бұл баланың психологиясына тиген зиянды, бізге келтірілген моральдық шығынды ескерсек, тым жеңіл жаза болады. Сондықтан, кінәлі тәрбиешіні, бейнежазбаны түсірген адамды, балабақша ұжымын тиісті қатаң жазаға тартуын талап етемін.
Бәлкім балабақшада болған бұл жағдай беймәлім күйде қалар ма еді? Екінші тәрбиеші ұялы телефонына түсірген бейнежазба арада үш ай өткенде ғана әлеуметтік желіге тарап кетіп, елдің жағасын ұстатты.
Кристина Такирова, балабақша меңгерушісі:
- Бейнежазбаны екінші тәрбиеші мамыр айында түсірген. Екі тәрбиеші де бізден жұмыстан шығып кеткен болатын. Осыдан тура 1,5 ай бұрын маған «ватсап» арқылы СМС хабарлама келді. Онда сіздің балабақшаға қатысты шулы дәлелім бар деп жазылған. Мен тиісті органдарға хабарласыңыз деп жауап қаттым. Міне, көрмейсіз бе, бұл сол бейнежазба болып шықты. Оны әлеуметтік желіге салған екінші тәрбиеші.
Дәл осы жайт мектепке дейінгі мекемелердегі онсыз да ушығып тұрған жағдайдың бетін ашты. Мәселен, биыл ғана Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаға қол көтеріп, басы дауға қалды. Ал, екі апта бұрын Павлодарда ұлын қорғаштап, біреудің баласын төмпештеген мекеме қызметкерінің қатыгездігі елді дүрліктірді. Тәрбиешіден зәбір көрген Нана қазір басқа балабақшаға барып жүр.
Бұл оқиғадан кейін балабақшаға келетін 50 бүлдіршіннің ата-анасының да тынышы қашты. Барлығы да мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелеріне қатысты тәртіп пен заңды күшейтуді талап етеді. Әсіресе, «жекеменшік балабақшалар қатаң бақылауға алынса», -дейді олар.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.