Атырау облысындағы сүт өндіріп отырған жалғыз кәсіпорын қарызға батқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы сүт өндіріп отырған жалғыз кәсіпорын қарызға батқан

10.03.2021

Серіктестік мемлекеттен алған миллиардтаған қаржыны жылдар бойы қайтара алмай келеді. Америкалық голштин-фриз сиырын өсіретін фермада екі жыл қатарынан 900-ға жуық асыл тұқымды мал қырылып, жағдай одан бетер ушыққан. 

8 жыл бұрын ашылған фермаға, алғашында өңірде теңдесі жоқ индустриялық жоба деп айдар тағылған еді. Алайда, америкадан әкелінген сиырлар 3 жыл өткеннен кейін бірінен соң бірі қырылды. 2016 жылы 475, ал, 2018-де 450 бас ірі қара өлді. Бұл жағдай - кәсіпорынды тығырыққа тіреп, қаржылық ахуалын құлдыратып жіберді. Малдың неден өлгені әлі де жұмбақ.

Есболат Есқариев, сүт-тауар фермасының директоры:
Шетелге шығартып тексертеміз ба деп едік, оған рұқсат болған жоқ. Осы жердегі лабораторияларға бердік, бізге керегін анықтай алмады. 

Асыл тұқымды малынан айырылған серіктестік басшысы, амалдың жоғынан өзінің иелігіндегі 500 бас қызыл сиырды фермаға әкеліп қосады. 12 тонна сүт шығаруы тиіс кешен, қазір 8 тонна ағарғанды әрең өндіріп отыр.

Әлмұрат Қосмағамбетов, сүт-тауар фермасының технологы:
Өте семіртпей, тек сүт алуға ғана жұмсаймыз. 800 басқа дейін сауатын болсақ, облысты толық қамтамассыз етеміз деп ойлаймыз. 

Қазір фермада 900-ден астам сиырдың 460-ы сауылады. Жылына орташа есеппен 400-ден аса төл алынады. Ай сайын түсетін пайда коммуналдық шығын мен жалақыдан және жем-шөптен ауыспайды.

Есболат Есқариев, сүт-тауар фермасының директоры:
 Көп ақша. Өтеуі өте қиындау. Себебі азықтың қымбаттығы. Фермадағы шығынның тек қана 75 пайызы осы азықтан тұрады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қиындыққа тап болған фермаға несиесін төлей алмаған соң бес жылға үзіліс берген. 6 млрд-қа жуық несиенің, 8 жылда тек 600 млн-дай негізгі қарызы өтелді. Бұл аралықта ферма ақшаның тең жартысы қайтаруы керек еді.

Нұрлан Қаппазов, «Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ департаментінің директоры:
Олар енді сауықтандыру жоспарын дайындап беруі керек. Сол бойынша тағы қарап, бізге қандай инвестиция керегі, қанша қаражат керегі, соның бәрі есептеліп көрінетін болады. 

Кәсіпорында 70-тен астам жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған. Жұмыс орнынан сақтап қалу үшін кәсіпорын басшылығы 3 жылдан бері инвестор қарастырып жатыр. Әзірге ферманы тығырықтан шығаратын жол табылмай тұр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу