Түркістан облысында cоңғы жиырма жылда 500-ге тарта мектеп салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында cоңғы жиырма жылда 500-ге тарта мектеп салынған

10.03.2021

Түркістан облысында соңғы 20 жылда 500-ге тарта білім ошағы салынған. Биылдың өзінде 63 мектептің құрылысы аяқталып, 15-і пайдалануға берілді. Тағы алты нысандағы жұмыстар әне міне бітуге таяу. Аймақтағы апатты және үш аусымды білім беретін мектептер мәселесін осылайша шешу жоспарланып отыр. 

Шардарадағы 14-ші бекет елді мекенінің балалары 30 жыл бойы тозығы жеткен тар ғимаратта білім алып келеді. Осыны ескерген жергілікті билік екі жыл бұрын ескі мектептің жанынан үш қабатты жаңа нысанның құрылысын бастады. Қазір 300 орындық білім ошағы аяқталуға жақын. 

Алмас Оспанов, Шардара аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:
Мектептің құрылыс жұмыстары бүгінгі күні кестеге сай жүргізіліп жатыр. Нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар бүгінгі күні Шардара ауданында 200 және 600 орындық мектептің жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінімге өткізілді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы 20 жылда өңірде 500-ге тарта мектеп салынды. Білім ошақтарының 296-сы облыстық бюджет есебінен, қалғанына қаржы республикалық қазынадан бөлінді. Өңірдегі 57 апатты мектеп пен үш аусымдағы 23 білім ошағы қайта салынды. Енді қалған 6 апатты және 4 үш ауысымды мектептің проблемасы алдағы екі жылда шешілмек. 

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
Шағын және жинақы мектепті негізгі немесе орта мектепке ауыстыру, ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу жоспарда бар. Бірақ алайда бұл мәселе 2025 жылы толық шешіледі деп айта алмаймын. Өйткені демография мен бала туу саны өте жоғары. 

Аймақта қазір 919 мектеп бар, оның 19-ы жекеменшік. Ал бала саны қазір 500 мыңнан асады. 

Айнұр Ақбаева, тілші:
Өңірде әлі күнге дейін саманнан салынған мынадай 57 мектеп бар. Бірақ алдағы бес жылда бұлардың орнына жаңа заманауи білім ошақтары бой көтереді, 2025 жылға дейін өңірде 122 мектеп тұрғызылады.

Соңғы жылдары облыстағы мектептердің әжетханалары ғимарат ішіне кіргізілді. Былтырдың өзінде 824 білім ұясында осы мәселе шешімін тапты. Алдағы бес жылда жергілікті билік шалғай ауылдардағы мектеп тапшылығын жоюға басымдық бермек. 

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу