Ақмола облысында соңғы жиырма жылда демалыс орындарының саны 10 есе өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында соңғы жиырма жылда демалыс орындарының саны 10 есе өсті

09.03.2021

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Ақмола облысында туризм саласы ерекше қарқынмен дамыды. Соңғы 20 жылда өңірдегі демалыс орындарының саны шамамен 10 есеге артты. Олардың басым көпшілігі Бурабай аймағында орналасқан. Ал, өңірге келген саяхатшылар саны 20 жыл ішінде 100 мыңнан 1 миллионға дейін өсті.  

Ермек Елберген, тілші:
30 жылда Бурабайдың өзінде ғана инфрақұрылым жақсарды. Сондай-ақ, осы аралықта Бурабайда жаңадан ондаған қонақүйлер, шипажайлар жұмысын бастады. Жыл өткен сайын қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Одан демалыстың сан алуан түрі ұсынылып жатыр. 

2010 жылы қабылданған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту бағдарламасы өңірдің ғана емес, жалпы туризм саласының тұтастай дамуына оң ықпал етті. Соңғы он жылда сұлу Көкшенің баурайын көркейтуге бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінді. Туризмді түлетуге бағытталған бұрын-соңды мұндай кешенді жоспар республикада болған емес. Соның арқасында Бурабайға бастапқыда жылына жүз мың адам саяхаттап келсе, қазір 1 миллионға жуық турист келеді.      

Шынарбек Батырханов, Ақмола облыстық туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы:
2000-2001жылдары көрсетіп жатқан қызметтің көлемі тек қана 300-350 миллион болатын. Қазір 6 миллиардтан асты. Бір суткасына қанша адам қабылдайтын жағдайымыз, ол кездерде ең көбі 3 мың болатын. Қазір 12 мың адам, 12 мың турист бір суткадан қабылдайтын жағдайымыз бар.    

Жиырма жыл бұрын туризмнен облыстың қазынасына 60-70 миллион теңге түсім түсетін. Қазір жылына орташа есеппен 1 жарым миллиард теңге пайда келеді. Халықты жұмыспен қамту көрсеткіші он есеге артты. 

Ақмола облысында Бурабайдан басқа, Зеренді аймағында және Нұр-Сұлтан қаласының маңында шипажайлар мен қонақ үйлер көбейіп келеді. Қазір өңірде 300-ден астам туристік нысан жұмыс істейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұнда 40 шақты ғана демалыс орыны болды.  

Думан Сейілхан, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Нұр-Сұлтанның жанында негізі демалыс орындары көбейіп, біраз объектілер салынып жатыр. Бурабайдың өзінде де көп өзгеріс байқалады. Қыста да, жазда да демалуға өте ыңғайлы. 

Сұлу көкшенің баурайындағы саяхатты жетілдіру үшін кешенді шаралар атқарылмақ. Мәселен, көп ұзамай «Ақ Бура» атты жаңа курорттық қалашық пайда болады. Ал, елдегі туризмді ілгерлету мақсатында мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның аясында 10 негізгі аймақты дамыту көзделген. Басты меже - туризм саласынан түсетін пайда ІЖӨ-нің 8 пайызын құрауы тиіс. 

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу