Картада жоқ ауыл: Бағыс тұрғындары өз үйіне тіркеуге тұра алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Картада жоқ ауыл: Бағыс тұрғындары өз үйіне тіркеуге тұра алмай жүр

09.03.2021

Қазақстан картасына енбеген ауыл. Қазақ-өзбек шекарасының өтіне қоныстанған Бағыс ауылы санда бар, бірақ әлі күнге санатта жоқ. Өйткені мұндағы жұрт үйлеріне мемлекеттік тіркеу қағазын, жер телімдеріне кадастрлық номер ала алмай келеді.  

Ғани Қалмахан, тілші:
Қазақ пен өзбек шекарасы айқындалғалы бері 200-ге тарта түтіні бар Бағыс ауылының тыныс-тіршілігі екіге айырылған қара жолдай болып қалды. Өйткені мемлекетаралық келісім толық бекімегендіктен ел жеріне иелік ете алмайды. Ал халықтың өзі әр ауылдың есебінде тіркеуге тұруға мәжбүр.  

Нәзира апаның шаңырағында 13 адам. Баласы, келіні мен немерелері - жеті жан. Сондай-ақ әлдеқашан төрт баланың ата-анасы болған қызы мен күйеу баласы да осы үйде тіркеуде. Өйткені енші алып шығайын десе жер алып, үй сала алмайды.  

Нәзира Жәукеева, Бағыс ауылының тұрғыны:
Құжат алайын десе кадастр жоқ. Кадастр болмаған соң үйіме тіркеуге қойдық. Сол Кеңес Одағы кезіндегілерде бар, қалғандарында жоқ. Бұл жерде үй салатын жер де жоқ. 

Өзбекстаннан ірге ажыратқанда Бағыста 200-дей шаңырақ бар еді. Арада жиырма жыл өткенімен үй саны әлі сол күйі. Бірақ халық көбейді. Ауылдағы тұрғындар саны бүгінде бір жарым мыңнан асады. 

Әбидолла Құсайынов, Бағыс ауылының биі:
Үйге гос акты ала алмаймыз. Қайтыс болған азаматтардың балаларына үйді қайта рәсімдей алмаймыз. Тек қана нотариус арқылы меншік құқығын анықтаңыздар. Әрі қарай заңдастыра алмайсыздар. Өйткені кадастр номері жоқ дейді. 

Бағыс ауылының жері бір кездері Өзбекстан Республикасының меншігінде болған. Кейін делимитация, деморкация кезінде қазақ жағына өтті. Бірақ шекараны айқындауға байланысты мемлекеттік құжат әлі ратификацияланбағандықтан мұндағы жұрт әзірге өзге ауылға тіркеліп, уақытша құжат алуға мәжбүр.  

Ержан Көкеев, Сарығаш ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Бұл Қазақстан Республикасына өтпеген деп құр алақан жайып отырған жоқпыз ешнәрсе бермейміз деп. Уақытша берілуде. Ақжар ауыл әкімшілігінде екі елді мекен бар. Ақжар мен Бағыс. Сол Ақжардың кадастрлық номерін қойып беріп жатырмыз. 

Бағыстықтар енді жанайқайын Парламент депутаттарына жеткізбекке бел буған. 


Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу