Намаз оқып тұрған жасөспірімнің жайнамазын теуіп, жеткіншектерді бөлмеден желкелеп шығарған жаттықтырушы жұмысынан кетті. Тараздағы спорт мектебінің жатақханасында болған бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған еді. Қазір осы жайтқа байланысты арнайы топ құрылып, тексеру жүріп жатыр. Тараз қаласындағы және аудандардағы барлық білім беру мекемелерінде енді мұндай жағдай қайталанбас үшін түсіндірме жұмыстары басталды. Ал, ақылын ашуына жеңдірген жаттықтырушы Алмат Баетов өз кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрады.
Алмат Баетов, жаттықтырушы:
- Күні кеше ғана интернет желісінде тараған бейнероликтегі теріс қылығымда діни сауатымның аздығын көрсетіп қойдым. Ашу-ызаға беріліп, теріс әрекетке бой алдырып қойдым. Сол себепті, ата-аналардан, жамағаттан, мұсылман қауымынан шын жүректен кешірім сұраймын.
Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.