Елімізде электр қуаты қымбаттауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде электр қуаты қымбаттауы мүмкін

09.03.2021

Елімізде электр қуатының бағасы қымбаттауы мүмкін. Энергетика министрлігі тарифті көтеру туралы бұйрықтың жобасын жариялады. Енді құжат 26 наурызға дейін талқыланады. Ведомство бұл әрекетін энергия өндіруші компаниялардағы шығындардың артуымен байланыстырып отыр.   

Қымбатшылық халықтың қалтасына салмақ. Бірақ сапалы қызмет алуды әркім қалайды. Ол үшін тозған желі мен ескірген жабдықты жаңалау қажет. Бұл ретте халық пікірі ескерілсе құба-құп болар еді дейді жұрт. Былтыр еліміздің энергетикалық жүйесінде 4 жарым мыңға жуық технологиялық ақау орын алған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық.

Айдос Дәрібаев, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:
Бүгінгі таңда электр қуаттарының авариялық істен шығуы, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуі және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерге тәуелділік тәуекелдерінің ұлғаюы жағдайлары жиілеп кетті. 

Себеп көп. Мәселен, энергия өндіруге қажет шикізат бағасы да тұрақсыз. Қаражыра көмірі 8,6, «Богатырь көмір» серіктестігінің қара отыны 9,9 пайызға қымбаттаған. Оны тасымалдау шығыны 7 пайызға артқан. Жаңартылған энергия көздерін міндетті сатып алу 68, шығындары 49 пайызға өскен. АЕК-тің ұлғаюына байланысты бюджетке төленетін міндетті төлемдердің шығыны да артты. Мұның сыртында газ тасымалдау құны мен жөндеу жұмыстары тағы бар. 

Көмір – 8,6 % - 9,9 %

Тасымалдау – 7 %

ЖЭК сатып алу – 68 %

Шығындары – 49 %

АЕК - 2 917 теңге

Сарапшы «тариф өсіру арқылы жаңа станциялар саламыз деуге болмайды» дейді. Бұған тарифтің шамасы жетпейді. Бағаны біртіндеп көтеру арқылы қолда бар құрал-жабдықтарды жөндеуге ғана болады. Ал бұлай істеме, тұтынушы жарықсыз қалуы мүмкін. 

Әлішер Құрбанәлиев, сарапшы:
Электр станциялары өндіріс пен тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамту үшін жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Кейінгі 3 жылда тариф деңгейі тұрақты болды. Тұтынушы қалтасынан төленген ақша – ертеңгі қызметтің сапалы болуына жұмсалады. Осыны біз дұрыс түсінуіміз керек.

Өткен жылы 37 энергия өндіруші компания министрлікке шекті тарифтерді өзгертуге қатысты өтініш берген. Қазір ведомство тиісті жұмыстарды пысықтап жатыр. 

Дарын Сағитов 


Хабарламаларға жазылу